Жаңалықтар

Qazaq Air-ді сатып алатын вьетнамдық компанияға қазақстандық әуежайлардың бірі сенімгерлік басқаруға беріледі – Көлік министрі

Qazaq Air-ді сатып алатын вьетнамдық компанияға сенімгерлік басқаруға 4 қаланың бірінен әуежай сенімгерлік басқаруға берілмек / Фото: shutterstock и wikimedia commons, бильд-редактор: Денис Андреев

Көлік министрі Марат Қарабаев Qazaq Air әуекомпаниясын сатып алатын вьетнамдық компанияның ішкі нарыққа қалай әсер ететінін айтты. Министрдің айтуынша, елде борттар көбейіп, бәсекелестік артады. Бұл билет бағаларының арзандауына әкеледі.

«Qazaq air әуе компаниясының сатылуына қатысты айтар болсақ, оны сатып алатын VietJet Air компаниялар тобының 184 борты бар. Бұл компания ел нарығына кіру үшін бірталай міндеттемелерді орындауы тиіс. Біріншіден, компания Qazaq air-дің 38 млрд теңге қарызын толық жабуы керек. Содан кейін Қазақстанда қосымша жаңа 20 борт тіркеуі қажет. Ол компания бұл міндеттемені орындауға келісті. Олар Қазақстанға жалпы алғанда, жаңадан 50 борт жеткізуді жоспарлап отыр», – дейді министр.

Министрдің айтуынша, елде 23 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Air Astana әуе компаниясының 50-ге тарта борты бар. Ал VietJet Air небәрі 5 жыл ішінде осындай көлемде борттар жеткізбек. Олардың инвестициялық құны 5 млрд теңгені құрайды.

«Бұл шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін білдіреді. Ең бастысы, борттар саны артқан сайын әуе-қатыныстары тиімді бола бастайды. Сонымен бірге бәсекелестік артып, билет бағасына да әсер ететін болады», – деді Қарабаев.

Сонымен бірге министр бұл компанияға борттарын орналастыру үшін бір қаладан әуежай беру жоспарланып отырғанын айтты. Екі ел қазіргі таңда бірнеше қаладағы әуежайлардың әлеуетін қарастырып жатыр.

«Ол әуежайлар компанияға сенімгерлік басқаруға беріледі. Оларды да белгілі бір шарттармен береміз. Яғни әуежайды сенімгерлік басқаруға алған компания әуежайды дамытып, инвестиция құюы керек. Атап айтқанда аэровокзал кешенін дамыту, ұшу-қону жолағын жөндеу, жаңа жұмыс орындарын ашу секілді міндеттемелер бар», – деді министр.

Сонымен бірге Қарабаев Қазақстанның авиациялық кеңістігін пайдалану көрсеткіштері артып келе жатқанын айтты. Соңғы жылдары бұл көлем Еуропа мен Азия арасында халықаралық жүктерді тасымалдау есебінен 2 есе артқан. Көптеген шетелдік борт Қазақстанға техникалық мақсатта тоқтап, жүк алып кетеді немесе отын құю үшін ат басын бұрады екен.

«Бұл Қазақстанның үлкен авиациялық хабқа айналу жолындағы алғашқы қадамы деп айтар едім. Барлық ірі елдер осындай жолдан өткен. Біз «VietJet Air» компаниясына тек орналасу әуежайын ғана беріп қоймай, сонымен бірге ол орынды халықаралық хабқа айналдыруды көздеп отырмыз. Яғни Қытайдан халықаралық жүкті сол жерге жеткізіп, әр елдің әуе кемелері сол жүкті тиеп алатын орын болады. Өйткені кейбір әуе кемелерінің Қытайдан тікелей жүк тасымалдау мүмкіндіктері жоқ», – дейді министр.

Қазіргі таңда компания Ақтөбе, Түркістан мен Қызылорда, Шығыс Қазақстан қалаларының әуежайларын қарастырып жатыр. Нақты шешім шықпаған. Сонымен бірге Қазақстанның әуежайларына қызығушылық танытып жатқан шетелдік инвесторлар көп екен.

«Қазіргі таңда Вьетнам елінен, Түркиядан, Сингапурдан, Ресейден және Еуропа елдерінен қызғушылық танытып жатқан инвесторлар да бар», – деді Қарабаев.

Qazaq air-ді жекешелендіру

Еске сала кетсек, 23 мамыр күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaq Air авиакомпаниясының жекешелендіруін құптайтынын айтты. Президент вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіру – Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

2023 жылдың тамызында «Самұрық-Қазына» «Qazaq Air» АҚ акцияларын сатуға шығарды. Қазақстандық әуе тасымалдау нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру үшін, QAZAQ AIR әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвесторды тарту қарастырылатыны айтылды.

2023 жылдың қарашасында Көлік министрі Марат Қарабаев Вьетнамның VietJet Air компаниясы QazaqAir-ді сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын. Ол шетелдік компанияның QazaqAir-ді сатып алған жағдайда қосымша 50 жаңа ұшақ жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Айта кету керек, шарттарға сәйкес Qazaq Air компаниясын сатып алғысы келетін инвестор 2033 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын өтеуге тиіс болған. «Самұрық-Қазынаның» дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.

Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 млн теңгеден, 2030 жылы – бірден 13,234 млрд теңгеден өтеді. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 млн теңгеден, 2033 жылы – 18,282 млрд теңгеден жүріп жатыр.