Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» жапондық JOGMEC корпорациясымен мұнай-газ барлау жұмыстарын жүргізеді

«ҚазМұнайГазға» JOGMEC мұнай-газ барлауға көмектеседі / фото «ҚазМұнайГаз»

Қазақстандық компания көмірсутек қорын барлау үшін жапондық кәсіпорынмен тізе қосып жұмыс істемек. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов қызметіне тағайындалғалы алғашқы келісім құжатына қол қойып үлгерді. Жапонияның JOGMEC ұлттық энергоресурстар және метал корпорациясы вице-президенті Мори Хироюки екеуі мұнай мен табиғи газды барлау және өндіру саласында ынтымақтастық туралы меморандумды іске қосты.

Тараптар тәжірибе, білім және технология алмасу арқылы кадрлық әлеуетті дамытуға уағдаласты. Бұл жөнінде ҚМГ баспасөз қызметі хабарлады.

«Аталған меморандум компаниялар арасындағы өзара байланыстың нығаюына серпін беріп, көмірсутектерді барлау мен өндіру саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз», – деп атап өтті Асхат Хасенов.

JOGMEC мұнай-газ саласын барлауда өте тәжірибелі компания болып шықты. 1979 жылдан бастап 30 елде 70 геологиялық-геофизикалық зерттеу жүргізген. Ұлттық корпорация Жапонияны тұрақты энергия ресурстарымен қамтамасыз ету үшін қаржылық, ақпараттық және техникалық көмек көрсетеді.

«ҚазМұнайГаз» бұған дейін де талпынған

«ҚазМұнайГаз» бұған дейін де көмірсутекті барлауға тәуекел еткен. 2023 жылдың шілде айында ҚМГ мен  «Лукойл» бірлескен жобаны тоқтатты. «Жеңіс» геологиялық барлау бағытындағы оффшорлық мұнай-газ жобасында көмірсутек қоры анықталмады.

«Өкінішке қарай, «Жеңіс» құрылымында іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылау жұмысы нәтиже бермеді, көмірсутек қоры анықталмады. Геологиялық болжам расталмады», – деп мәлімдеді ҚМГ. 

Қазақстанда көмірсутекті өндіру көлемі өскен

Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтің айтуынша, көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша 2023 жылғы инвестициялардың жалпы сомасы 7,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 152,4 млрд теңге барлауға жұмсалды. 2022 жылмен салыстырғанда барлау шығындары 11,9%-ға өсті. 

«2023 жылы көмірсутектердің 30 кен орны барлау кезеңінен өндіру кезеңіне көшті. Мұнай бойынша осындай кен орындарында алынатын қорлардың өсімі – 115,4 млн тонна, газ – 25,5 млрд текше метрді құрады», – деп жазылған ведомство хабарламасында.