Жаңалықтар

Ұлттық банктің еншілес ұйымы – «Қазақстанның  орнықтылық қоры» табысын 20%-ға арттырды

Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Қазақстанның орнықтылық қоры» өзінің кірісін 20,7%-ға арттырды / kursiv.media

Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ өзінің кірісін 20,7%-ға, 76,2 млрд теңгеден 92 млрд теңгеге дейін өсірді. Компанияның қаржылық нәтижелері Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған.

Өткен жылғы 35 млрд теңге шығыстан кейін, қордың  57,3 млрд теңге қаржы активтерімен операциялардан кіріс алуына байланысты таза пайда өсті. Активтер 4,1%-ға өсіп, 3,97 трлн теңгеге жетті. Міндеттемелер 3%-ға өсіп, 1,21 трлн теңгеге, меншікті капитал – 4,6%-ға, 2,76 трлн теңгеге дейін артты.

Кадр ұстау шығындары артып, 1,7 млрд теңгеге жетті. Бұған қызметкерлердің сыйақысы, салықтар және қаржылық көмек кіреді. Іссапар шығындары 8,3 есе өсіп, 1,4 млн теңге болды.

Банктерде орналастырылған ҚОҚ депозиттерінің жалпы сомасы 9,2%-ға, 85,5 млрд теңгеге дейін азайды. Олар 2018-2023 жылдары орналастырылды. Өтеу мерзімі 2052 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі 10,87%-дан 18,59%-ға дейін. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанның орнықтылық қорында үш контрагент банкі болды. Олардың депозиттерінің жиынтық сомасы 65,2 млрд теңгені немесе барлық депозит сомасының 76,21%-ын құрады.

Қордың бағалы қағаздарға салған инвестициясы 1,5 трлн теңгеге жетті (2022 жылы 1,4 трлн теңге). ҚОҚ инвестициялайтын бағалы қағаздардың ішінде корпоративтік облигациялар (1,4 трлн теңге) және қазақстандық мемлекеттік облигациялар (148 млрд теңге) бар. 2023 және 2022 жылдар ішінде қор «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы және «Баспана хит» нарықтық ипотекалық өнімі аясында тоғыз банктен ипотекалық несиелер портфелін сатып алды.

2023 жылы Қазақстанның орнықтылық қоры 1,21 трлн теңгеге борыштық бағалы қағаздарды шығарды. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 34 млрд теңгеге артық. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қорда 31 борыштық бағалы қағаздар шығарылымы болды. Облигациялардың өтеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға дейін, купондық кірістілік 8,5–20,46% құрайды.

Қазақстанның орнықтылық қоры дивиденд төлемейді

Қор өткен жылдардағыдай 2023 жылға дивиденд төлемейді. 2022 жылғы пайда 2021 жылғыдай «7–20–25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалды.

ҚОҚ 2017 жылы Ұлттық банктің қаулысымен құрылған. 2019 жылы оның құрамына бағдарлама операторы ретіндегі қызметін сақтай отырып, «Баспана» ипотекалық ұйымы қосылды. Қор қызметінің негізгі бағыттары – екінші деңгейлі банктерді қолдау, ипотекалық тұрғын үй заемдарының қолжетімділігін арттыруға қатысу, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру тетігін іске асыруға қатысу.