Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктер шаруалардың егін алқабына зиян келтірді деп айта алмайды және киіктердің атылуына қатысты шешімге әсер етпейді. Бұл туралы Сенат баспасөз алаңында ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин айтты.
«Біз оны (киіктердің егін алқабына зардабын – ред.) зерттеген жоқпыз, сондықтан олай айта алмаймыз», – деп жауап берді вице-министр. Журналистің «Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың егін алқабы киіктерден зардап шекті деп айта алмай ма» деген сауал қойған болатын.
Бұдан бөлек, Бердалин шаруалар егін алқабына түскен киіктерге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне шағым түсірмегенін және министрліктің өтемақы төлемегенін айтты.
«Бізде методика болмаған соң, өтемақы төленбеді. Оларға қанша қаржы бөлетінімізді ғылым (ғылыми институттар – ред.) анықтайды. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігі шешпейді. Біз тек шаруалар егін алқабын қорғау үшін қоршауға алса, соның 25% субсидиялаймыз», – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында киіктерді ату туралы шешім шығармаған.
«Киіктің санын қысқарту біздің құзыретімізде емес. Мұндай шешімді Экология министрлігі қабылдайды. Өз институттарының зерттеуіне сәйкес, киіктерді атуға рұқсат берген болар», – деді вице-министр.
2023 жылы қазанда аң аулау қағидаларына қатысты дайындалған 11-қосымшаға түсіндірме жазбада киікті сақтау бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 1,9 млн басқа дейін жеткені жазылған. Ал олардың еліміз бойынша оңтайлы саны 770 мыңға дейін болса, жеткілікті екен. Солайша белгіленген нормадан асып кеткені себепті билік бұл жануарлардың санын азайтуды көздеген.
Мамандар 2023 жылы күзде елдегі киік саны 2,6 миллионға жетеді деп болжанған. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін. Осы жылдың өзінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО өңірлерінде шамамен 122 мың га егіс алқаптарына 12 млрд теңге көлемінде шығын келген.
Ал ауланған киіктің шикі еті қала базарларына да шығуы мүмкін. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтың айтуынша, кәсіпорындар ауысымына 1000-ға дейін мал союға дайын. Осылайша, екі айдың ішінде кәсіпорындар 120 мың бас ақбөкеннің етін өндіріске жібере алады.