Банк пен қаржы

«Отбасы банк» даму институтына қашан айналады? Бұл бағытта қандай өзгерістер жоспарланған?

«Отбасы банк» даму институтына айналады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Отбасы Банкті» ұлттық даму институтына трансформациялау қазақстандықтардың ипотекалық тұрғын үйді бөлу жүйесіне деген сенімін арттырады. Бұл туралы Алматыда БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жабық дөңгелек үстел барысында «Курсив» тілшісі сұрақтарына жауап берген қаржы ұйымының басшысы Ләззат Ибрагимова мәлім етті.

Мақсат – мемлекеттік тұрғын үйді бөлу жүйесіне деген сенімді арттыру

Қаржы ұйымы басшысының пайымынша, «Отбасы банк» ұлттық даму институты ретінде тұрғын үй кезегін бақылап қана қоймай, оның ашықтығын да қамтамасыз ете алады. Қазір мұның бәрі Мәжілісте «Тұрғын үй саясатын реформалау» туралы заң жобасы аясында қарастырылуда.

«Ұлттық даму институты ретінде жұмыс істеу бізге «Наурыз» ипотекалық бағдарламасын бақылап, жобаның ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, тұрғын үй кезегіне тұрған қатысушылардың барлығы бір-бірін аты-жөні бойынша бақылай алады. Осы арқылы мемлекеттік тұрғын үйді бөлу жүйесіне деген сенімді дамытқымыз келеді, қазір мұндай жоқ », – деді спикер.

«Қазақстанда ипотека қымбат»

Сондай-ақ жиын барысында Ләззат Ибрагимова «Қазақстанда ипотека қымбат» және «халықтың борыштық жүктемесі жоғары» деген қос түсінікті жоққа шығарды. Оның айтуынша, Қазақстанның ипотекалық портфелі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5%-ын ғана құрайды. Бұған қоса Қазақстанда тұрғын үй нарығын дамытуға ықпал ететін ипотекалық құралдардың жетіспейтінін атап өтті.

Қаржы дағдарысы бола ма?

«Сондай-ақ «халықтың қарызы көп болғандықтан, Қазақстанда қаржы дағдарысы болады» деген жаңсақ пікір бар. Мен мұны да «аңыз» деп атар едім. Ипотека портфелі ЖІӨ-ге қатысты 5%-ды құрайды. Керісінше, бізде ипотекалық несие құралдарының тапшылығы байқалады», – деп түсіндірді «Отбасы банкінің» директорлар кеңесінің төрағасы.

Бұл ретте ол ипотека нарығының дамуы экономиканың өсуіне және халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді деп есептейді.

Бұған дейін «Отбасы банк» ұлттық даму институтына айналатыны белгілі болды. 2023 жылдың қарашасында Мәжіліс бірінші оқылымда «Отбасы банкін» ұлттық даму институтына айналдыру бойынша реформалау туралы заң жобасын қабылдады. Қолданыстағы заңнама бойынша тұрғын үйге есепке қою, тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жергілікті атқарушы органдары атқарады. Ал жаңа заң жобасына сәйкес бұл функциялар «Отбасы банкке» берілмек.