«Отбасы банк» ұлттық даму институты болып қайта құрыла ма?

Жарияланды
"Отбасы банк"
«Отбасы банк» мәртебесін өзгертетін заң жобасы талқыланды / Фото: kursiv.media

Мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалау бойынша арнайы әзірленген заң жобасы талқыланды. Онда «Отбасы банкті» ұлттық даму институты ретінде қайта құру ұсынылып отыр.

Қолданыстағы заңнама бойынша тұрғын үйге есепке қою, тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жергілікті атқарушы органдары атқарады. Ал жаңа заң жобасына сәйкес бұл функциялар «Отбасы банкке» берілмек.

«Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету  жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асыратын болады. Осыған байланысты «Отбасы банкін» ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр. Отбасы банк берілетін функцияларды орталықтандырылған түрде жүзеге асыратын болады», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Осы орайда бұл қаржы иниститутының мәртебесі де өзгереді. Отбасы банкіне аталған функцияларды беруді ескере отырып, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйкесінше «Отбасы банк» банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз жүзеге асыратын болады.

«Бұл ретте, Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі және Ұлттық Банк Отбасы Банкіне қатысты қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғау, валюталық реттеу және бақылау, қаржылық және өзге де есептілікті алу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру, ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығының статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинау, бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және тағы басқа қадағалау функцияларын сақтайды», – деді министр.

Министрдің айтуынша, заң жобасы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының тізбесін анықтауға, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаждық өлшемшарттарын айқындауға жол ашады. Сонымен бірге тұрғын үйге мұқтаж адамдардың кезектілігін жүргізу тетігін жетілдіруге, мемлекеттік міндеттерді, әскери қызметті атқару және құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы норманы енгізуге мүмкіндік береді.

«Отбасы банкін» екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен шығаруға әкеледі. Осыған байланысты, «Отбасы банкінде» орналастырылған азаматтардың салымдарына мемлекетпен кепілдік беру ұсынылып отыр.

Бұған дейін, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова екінші деңгейлі банктерге  де тұрғын үй жинағы үшін есеп-шот ашуға рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Бірқатар сарапшы «Отбасы банктің» нарықта біржола монополия орнатқанын да талай айтып, сынға алған еді. Өйткені кейбір деректерге сәйкес, «Отбасы банк» отандық ипотека нарығының 60 пайызын иемденіп отыр.

Ал, «Отбасы банкі» төрағасы Ләззат Ибрагимова жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама талқыға түсіп жатқаны туралы айтты.

Журналистердің «9-20-25» бағдарламасы жайлы сұрағына жауап берген Ләззат Ибрагимова: «Бұл бағдарлама әлі басталған жоқ. Ешқандай лимиті жоқ. Бұл бағдарлама біздің жоспарымызда тұр», – деді.

Сондай-ақ оқыңыз