Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында кедендік реттеу, салық және дәрілік препараттар саласындағы бірқатар рәсімдер бойынша шешімдер қабылданды.
2029 жылға фильтрлі темекіге акциздердің бірыңғай индикативтік ставкасының мөлшері акциздердің нақты ставкаларынан 20%-дан аспайтын (36 еуродан 54 еуроға дейін, шамамен 17 мың теңгеден 25 мыңнан астам теңгеге дейін) ауытқу диапазонымен 1 мың данасы үшін 45 еуро (21 мың теңгеден астам) мөлшерінде бекітілді. Бұған дейін, яки 2019 жылы қабылданған 2024 жылға арналған темекіге акциздердің индикативтік мөлшерлемесі 35 еуроны (16 мың теңгеден астам) құраған.
Бұл – индикатив темекіге акциз ставкаларын жоспарлайтын ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдары мен темекі өнімдерін өндірушілер үшін бағдар.
Сондай-ақ ЕЭК кеңесінің шешімімен Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарды тіркеу және сараптау ережесіне өзгерістер енгізілді. Ережедегі өзгерістер сараптамалық жұмыстарды жүргізу және дәрілік препараттардың құжаттамасын тіркеу, бағалау кезінде әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға бағытталды.
Ресми халықаралық спорттық іс-шараларды өткізуге арналған спорттық заттар мен жабдықтарды ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу ерекшеліктері айқындалды. Осы тауарларға оларды тасымалдауға оңтайлы шарттармен арнайы кедендiк рәсiм қолданылады. Бұл жеңілдік ұйымдастырушылар мен спорттық іс-шараларға қатысушылар үшін әкімшілік кедергілер мен шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстанда да темекі өнімдері қымбаттайтыны белгілі болған. Қаржы министрі осыған байланысты бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталына жариялады.