Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады.
Онда президент репрессия мен қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың маңыздылығына тоқталған. Сонымен бірге өткеннің қасіретін естен шығармай, өркениетті қоғам құруға талпыну қажеттігін айтқан.
«Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр. Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз», – деп жазған Тоқаев.
Өткен жылы президент азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз екенін айтқан еді. Ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтаудың маңыздылығына тоқаталған болатын.
Еске сала кетейік, саяси қуғын сүргін құрбандарының туыстарына мемлекеттен ақша төленеді. Қазақстан заңнамасында саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедек немесе зейнеткер азаматтарға әлеуметтік төлемдерден басқа арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Өткен жылы репрессия құрбандарына мемлекет бюджетінен 1,3 млрд теңге бөлінген болатын.
Зұлмат жылдары 100 мыңға жуық азамат қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды.