Жаңалықтар

Арал бассейнінің шикізат әлеуетін бағалау үшін Үкімет 6,3 млрд теңге жұмсамақ

Арал бассейнінің шикізат әлеуетін бағалауға 6,3 млрд теңге бөлінеді / kursiv.media

Бір топ Мәжіліс депутаты Қызылорда облысында геологиялық барлауды ширату қажет екенін айтып, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады. Олар  Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесін сұрады.

Роман Скляр депутаттар сауалына берген жауабында жаңа кен орындарын іздеу мақсатында Шу-Сарысу, Сырдария және Арал бассейндерін зерттеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

2022 жылы Шу-Сарысу бассейнінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 2,2 млрд теңгені құрайтын жер қойнауын зерттеу бойынша жұмыстар аяқталған.

Биыл Арал бассейнінің шикізат әлеуетін бағалау үшін «Батыс» және «Шығыс» бөліктерінде жүргізіліп жатқан геологиялық-геофизикалық жұмыстар тәмамдалды. Соның нәтижесінде Үкімет ресурстарды бағалау мен перспективалық құрылымдарды анықтау үшін  6,3 млрд теңге жұмсамақ.

Арал теңізінің тұзды суынан литийді анықтау қолға алынды

«Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында литийдың өндірістік маңыздылығын анықтау мақсатында Арал өңіріндегі минералданған тұздық су, көлдің тұзды ертінділерін және сорларды зерттеу жоспарлануда», – делінген Скляр хатында.

Арал өңіріндегі тұзды көлдердің суында литийді анықтау жұмысы басталып кеткен. Былтыр «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Ғалиевтің айтуынша, Қазақстанның үш облысында литий әлеуетін зерттеу жұмысы жүргізілетінін мәлімдеді.  Егер шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктерде бастапқы литий шөгінділері болжанса, ал  Арал шөгінді бассейнінің минералданған тұзды сулары да литий үшін өте қолайлы.

2024 жылдың сәуір айында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражатына Арал өңіріндегі тұзды көлдердің суында литийдің бар-жоғын анықтау үшін зерттеу жүргізетіні белгілі болды.

Зерттеушілер жобаның өнеркәсіптік тұрғыдан дамуы үшін тұзды көл аймағында литийдің жеткілікті екенін дәлелдеуге тырысады. Жоба екі жыл ішінде жүзеге асырылады.