Алматыдағы арнайы ХҚКО басшысының орынбасары кәсіпкердің 1 млн теңгеге жуық ақшасын алаяқтық жолмен алды деген күдікке ілінді. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы №1 мамандандырылған бөлімі басшысының халыққа қызмет көрсету жөніндегі орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
«Ол жүргізуші куәлігін алу үшін автомектеп курсанттарының емтихандарына құжаттарды кедергісіз қабылдаймын деген желеумен жергілікті кәсіпкерден алаяқтық жолмен 930 мың теңге қаражат алды деген күдікке ілінді. Тергеу жалғасуда», – делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Астанадағы арнайы ХҚКО-да көлікті заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталған еді. Олар мемлекетке 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірген.
«Сот үкімімен 32 адам сотталды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушылары – Астана қаласының №2 Мамандандырылған ХҚКО басшысы Ш. Бөкебаев пен Астана қаласының Арнайы ХҚКО мамандары А. Там-Оглы мен Х. Там-Оглы 9 жыл бас бостандығынан айырылды, 5 топ қатысушысы 6 жыл бас бостандығынан айыру, ал жазаның әртүрлі мерзімдері бойынша 17 «көмекшіге» бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ, 7 қызметкер 2 жыл 6 айдан бастап бас бостандығын шектеуден 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», -деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік арнайы ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша бюджетке түсетін түсімдер 10,6 млрд теңгеден 91,3 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде агенттік автомобильдерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру кезінде жемқорлық тәуекелдерін анықтаған.
2011 жылдан бері қолданылып келе жатқан автокөлікті тіркеу жүйесі арқылы кейбір қызметкерлер жалған деректер енгізіп, жалған құжаттар әзірлеп келген. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, агенттік 3 жыл ішінде 23 қылмыстық істі тергеп, 3 мыңнан астам заңсыз көлікті есепке қою фактілерін анықтаған. Сонымен бірге 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілгені белгілі болды. Осындай жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін агенттік арнайы ХҚКО-лардың атокөлікті тіркеу бойынша ақпараттық жүйесін ІІМ-мен интеграциялаған.