Жаңалықтар

Қазақстан мен АҚШ бірлескен кәсіпорны сирек металдарды пайдаланып катализатор өндіру мүмкіндігін зерттейді

«Грейс Қазақстан Каталистс» сирек жер металдарын пайдаланып, катализатор өндіру мүмкіндігін зерттейді / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Грейс Қазақстан Каталистс» компаниясы жыл соңына дейін Қазақстанда сирек кездесетін металдарды пайдалана отырып, катализатор өндіру мүмкіндігіне зерттеу жүргізбекші.

 Бұл жайында «ҚазМұнайГаз» Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің «W.R. Grace» компаниясының өңдеу технологиясы бөлімшесінің президенті Луис Сирихалмен кездесуінде белгілі болған.

 «Тараптар бірлескен кәсіпорын – «Грейс Қазақстан Каталистс» ЖШС-нің қазіргі қызметін талқылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасында каталитикалық крекинг катализаторының өндірісін құру перспективаcын қарастырды. Жыл соңына дейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлей отырып, жергілікті шикізатты (оның ішінде сирек жер элементтерін) пайдалану арқылы өндіріс мүмкіндігін бағалауды жүргізу туралы шешім қабылданды»,- делінген хабарламада.

Айта кетейік, былтыр Grace мұнай химия зертханасы отандық мұнай өңдеу зауыттары үшін 900-ге жуық зерттеу жүргізген. Мәселен, 2022 жылы наурыз айында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) мен Grace (АҚШ) компаниясының бірлескен кәсіпорыны базасында катализаторларды сынақтан өткізетін әлемдік деңгейдегі алғашқы мамандандырылған зертхана құрылды.

Бұған дейін қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары катализаторлардың сынамаларын Еуропа зертханаларына жіберіп отырған. Оның нәтижесі екі айдан кейін бірақ шығатын. Жаңа зертхана ашылғалы үлгілерді талдау нәтижесін алу уақыты бірнеше сағатқа дейін қысқарды. Катализаторлардың көрсеткіштері (мысалы, таблетка түріндегі алюмосиликат) крекинг процесінің тұрақты жұмысын сақтап тұруға бағытталған катализаторды ауыстыру немесе қалпына келтіруді жоспарлау үшін маңызды. Сондықтан нәтижелерді уақтылы алу қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында каталитикалық крекингтің үздіксіз және сапалы жұмысына септігін тигізеді.  

«Грейс Қазақстан Каталистс» ЖШС — ҚазМұнайГаз бен америкалық GRACE компаниясының бірлескен кәсіпорны. Ол 2019 жылы мұнай өңдеу саласы пайдаланылатын катализатор өндіру жөніндегі толық циклді зауытты елімізде салу мүмкіндігін бағалау үшін құрылған.

 Айта кетейік, «W. R. Grace» компаниясы химия өнімдері мен материалдар нарығындағы көшбасшылардың бірі. 1854 жылы құрылған компания әлемнің 40 шақты елінде жұмыс істейді. Нью-Йорк қор биржасында тіркелген. АҚШ-тың ең ірі компанияларының тізіміне кіреді.

Еске салсақ, былтыр жыл соңында Қазақстан үкіметі сирек және сирек жер металл өндірісін дамытуға 11,8 млрд теңге бөлетінін мәлімдеді. Бюджет есебінен бөлінетін қаржы «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында» қарастырылған.

Сирек және сирек жер металдары – әлемдік экономиканың жетекші салалары талап ететін шикізат түрі. Олардың қатарында отқа төзімді сирек металдар (цирконий, гафний, ванадий, ниобий, тантал, молибден, вольфрам, титан), сирек жеңіл металдар (литий, рубидий, цезий, бериллий), сирек шашыраңқы металдар (галлий, индий, таллий, германий, гафний, селен, теллур, рений, рубидий); сирек жер металдары (скандий, иттрий, лантан және лантанид) бар.