Жаңалықтар

Жазға арналған болжамдар, Илон Маскқа айып тағылды, Трампқа қатысты үкімнің нарыққа тигізетін әсері

Әлемдік БАҚ-қа шолу / Reuters Connect

Илон Маскқа инсайдерлік сауда жасады деген айып тағылды, Трампқа шығарылған үкім акцияның құбылуына әсер етуі мүмкін, сарапшылар АҚШ қор нарығында қауіпті қиғаштық барын тағы да ескертіп жатыр. Осы және басқа да тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріндегі әлемдік БАҚ шолуын оқыңыз.

Мамыр айы АҚШ-тың акция нарығы үшін сәтті өтті. Ал жазда не күтіп тұр?

Соңғы аптаның қиын болғанына қарамастан, мамыр айы америкалық қор нарығы үшін сәтті өтті, негізгі индекстер бойынша жеті айдың алтыншысы жағымды көрсеткіштерімен қуантты. Dow 2,3%-ға, S&P 500 4,8%-ға, NASDAQ 6,8%-ға өсті, бұл 2023 жылдың қараша айынан бергі бір айдағы ең жақсы нәтиже деп хабарлайды CNBC.

Дегенмен нарықта тұрақсыздық сақталады дейді LPL Financial компаниясының бас жаһандық стратегі Куинси Кросби:

«Белгісіздік факторларына алда өтетін АҚШ президентін сайлау, қазынашылық кірістің артуы және тұтыну шығындарын жатқызуға болады. «Қайда бара жатырмыз? Экономика қай жаққа бағыт алды?» дегендей заңды сұрақтар туды.

Мамырдағы сауданың сәтті өтуіне негізінен алдыңғы аптада рекордтық кірісі жайлы есеп берген Nvidia акциясының өсуі ықпал етті. Бір ай ішінде оның қағаздары шамамен 27%-ға қымбаттады. Сондай-ақ, мамыр айында америкалық компаниялар көп акцияларын кері сатып алды. Демек олар болашақта табыс табатынына аса сенімді. Biriny Associates мәліметтері бойынша, жалпы 154 компания 201 млрд долларға buyback жариялаған. Оның 110 млрд доллары Apple-ге тиесілі.

Сонымен қатар, Yahoo Finance нарықта қауіпті қиғаштық барын ескертті. Мысалы, Nasdaq Composite өткен аптада алғаш рет 17 000 белгісінен асты –бұл 2004 жылдың жазындағы көрсеткіштен тоғыз есе көп. Алайда ЖИ-ге қатысты дүрлігу салдарынан техника алпауыттарының құны өсе түсті. Сөйте тұра, басқа секторларды былай қойғанда, ЖИ-ге қатысы жоқ басқа технологиялық компаниялардың да акциясы 200 күндік жылжымалы орташа көрсеткіштен аса алмай жатыр деді Sundial сарапшылары.

«Бұл – технологиялық компаниялардың акция нарығына қатысты, инвесторлар жасанды интеллект саласында төңкеріс болады деп күтетінін білдіреді. Сондықтан басқа технологиялық акциялар керексіз боп қалуда», – дейді Wedbush талдаушысы Дэн Айвз.

Truist компаниясының инвестиция жөніндегі директоры Кит Лернер осы жазда жетекші техно-компаниялардың акциялары кері қайтады деп ойлайды, өйткені инвесторлар бағалау мен тәуекелдерді қайта қарайды.

Трампқа шығарылған үкім 2024 жылғы сайлау қарсаңында нарықтың құбылуына әсер етуі мүмкін

Бұрынғы президент Дональд Трампқа құжаттарды бұрмалағаны үшін шығарылған үкім нарықтың құбылуын күшейтуі ықтимал деп ескертеді сарапшылар. Бірақ бұл инвесторлар үшін жағымсыз жаңалық емес деп жазады Yahoo Finance. Yardeni Research сарапшысы Эд Ярдени қысқа мерзімді түзетулерден кейін, инвесторларға «акция сатып алуға жақсы мүмкіндік туады» деп санайды.

22V Research-тің аға басқарушы директоры Ким Уоллес АҚШ президентін сайлау нарықтың назарын толық жаулай бастаған кезде, акциялардың құбылу индексі өзгеретінін атап өтті. Сарапшының пікірінше, бұл индикатор «жаздың ортасына қарай» қозғала бастайды.

CBOE құбылмалылық индексі 2019 жылдан бері алғаш рет 12-ден төмен болып тұр. Және ол тарихи орташа мәні 19,9-дан едәуір төмен боп қалуда. LPL Financial компаниясының бас стратегі Адам Тернквистің ойынша, нарық осы күзде Трамптың жеңісіне бәс тігеді. S&P 500 индексінің Трамптың жеңіске жету мүмкіндігімен өзара байланысы соңғы айларда айтарлықтай өсе түсті.

Алайда инвесторлардың көңіл-күйін бұрынғы көрсеткіштермен салыстыра келе, сарапшылар АҚШ қор нарығы демократ-президенттің тұсында тарихи тұрғыда жақсы нәтиже көрсетті дейді. Carson Group-тың нарық жөніндегі бас стратегі Райан Детрик Ақ үйді демократ басқарған кезде S&P 500 индексі орташа есеппен 11,5%, ал  республикашыл тұсында 7,1% қосқанын атап өтті.

Егер Трамп билікке келсе, нарыққа әсер ететін саяси өзгерістер жетерлік. Мәселен, төмендетілген салық ставкаларының мерзімін ұзарту, энергетикалық секторды ынталандыру, импорттың көп бөлігіне 10%, ал қытайлық импортқа 60% тариф енгізу сияқты шаралар. Бұл нарықты әбігерге салып, инфляцияны жоғарылатуы мүмкін. BTIG-тің саяси зерттеулер жөніндегі директоры Исаак Болтански: «Нарық Трамптың реттеу бағдарламасын ескеріп, оны ең жақсы үміткер деп санайды, бірақ сауда саясаты тұрғысынан алда не болатыны жайлы қорқыныш бар», – дейді.

Байденнің кезінде АҚШ-тың Сауда өкілінің орынбасары болып жұмыс істеген, бүгінде Evercore ISI компаниясының өкілі Сара Бьянки: нарық Қытаймен сауда соғысының күшею қаупін әлі ескермеді дейді. Ал өткен жексенбіде FoxBusiness-ке берген сұхбатында Трамп:  Егер Байден қайта сайланса, «бізге 1929 жылғы депрессияның ауылы алыс емес» деп мәлімдеді.

Тәуекелі жоғары ETF-тер инвесторларға жаһандық аласапыраннан қорғану құралы ретінде ұсынылып жатыр

Таяу Шығыс пен Украинадағы соғыс, АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс, климаттың өзгеруі, жаңа технологиялардың қатері сияқты геосаяси қауіп-қатер бүкіл жерді жайлады. АҚШ-та осындай тәуекелдер мен дүдәмалды хеджерлеуге (нарықтық тәуекел-қатерлерден сақтандыру) арналған ETF класы белсенді дамып келеді. Bloomberg бұл қорлардың қаншалықты тиімді екенін талдады.

Олардың актив мөлшері 8 млн доллардан 800 млн долларға дейінгі аралықты қамтиды. Олар қауіпсіздікке қатысы бар компаниялардың қағаздарын екшеп алып, АҚШ-тың мемлекеттік сатып алуына немесе санкциясына қарсы тұру дәрменіне талдау жасайды. Сонымен, Xtrackers US National Critical Technologies ETF қоры 2024 жылдың басынан бері 12,53% кіріс көрсетті.

Джастин Бернье, АҚШ-тың бұрынғы әскери-теңіз барлау офицері, қытайлық компаниялардың акцияларымен ETF-ті іске қосты. Бұл компаниялар АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндіктен, санкция тізіміне енуі әбден мүмкін. Қор 7,6 млн долларлық активті басқарып отыр.

Алайда мұндай қорлардың стратегиясы тексерусіз қалуда. «Олар: Си мен Байден ұрысып қалған кезде, Nasdaq 5%-ға, ал біздің индексіміз 2%-ға төмендеді деуі мүмкін», – дейді Academy Securities макростратегиясының жетекшісі Питер Чир. Ал ETF-ті жақтаушылар, керісінше, олар геосаяси қауіп-қатерге қатысты Уолл-стриттің бейқамдығынан сақтандыруы мүмкін деп қарастырады.

ФРЖ-ны жуық арада инфляциядан басқа мәселелер де алаңдатуы мүмкін

Экономика баяулап келе жатқандықтан, «мөлшерлемені төмендетуге қатысты қысым күшеюі мүмкін» деп жазады WSJ. Жеке тұтыну шығындарының баға индексі (PCE) сәуір айында өткен жылмен салыстырғанда 2,7% – ға өсті. Бұл көрсеткіш экономистердің болжамына сай келді және алдыңғы аймен салыстырғанда өзгере қоймады. Азық-түлік пен энергияны қоспағанда, PCE базалық баға индексі 2,8% – ға өсті, бұл көпшілік күткеннен сәл артық.

Соңғы көрсеткіштер ФРЖ-ның ақша-несие саясатына қатысты бұдан былайғы іс-қимылына қолайлырақ. Алайда АҚШ халқының кірісі алдыңғы аймен салыстырғанда, сәуірде 0,3% – ға (0,5%) өскені назар аудартады. Инфляцияға қатысты түзетілген нақты мән бойынша тұтыну және кіріс мөлшері 0,1% – ға төмендеді.

Қысқа-нұсқа

ОПЕК+ мұнай өндіруді қысқарту туралы келісімді 2025 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдады. Бұл жайында ұйым 2 маусымда өткен отырысының қорытындысына сүйеніп хабарлады. Мұнай мәмілесі бұған дейін 2024 жылдың соңына дейін сақталады деп есептелген еді.

12 миллиард долларға ұсынылған Saudi Aramco акциялары бірнеше сағат ішінде сатылып кетті деп хабарлайды Bloomberg. 1,545 млрд акцияның бір данасы (барлық акционерлік капиталдың 0,64%-ы) баға дәлізінде 26,7–29 сауд риалына (7,1–7,73 долларға) бағаланды. Компания одан 11,94 млрд пайда тапты. Акцияға сұраныстың ұсыныстан қаншалықты асып түскені және Saudi Aramco-ның қосымша қанша акция сататыны әлі хабарланбады. Ел үкіметі бұл қаражатты Vision 2030 бағдарламасын дамытуға бағыттайды. Aramco акцияларының шамамен 82%-ы Сауд Арабиясы билігіне, ал 16%-ы корольдіктің әл-ауқат қорына тиесілі.

Илон Маскқа Tesla акционерлерінің біріне 7,5 млрд долларға инсайдерлік сауда жасады деген айып тағылды деп хабарлайды FoxBusiness. Істі қарау Делавер штатының сотына тапсырылды. Айыптаушы: «Маск 2022 жылдың соңында инсайдерлік ақпаратты пайдаланып, Tesla акцияларын 7,5 млрд доллардан астам ақшаға сатты», – деп мәлімдейді. Бұл сауда «өндіріс пен жеткізу көрсеткіші құлдырады» деген ақпарат жария болар алдында іске асқан.