Жаңалықтар

Қазақстан Украина ұйымдастырған бейбітшілік саммитіне қатысу туралы нақты шешім қабылдамаған

Қазақстан Украина бейбітшілік саммитіне қатыса ма? / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан Халықаралық іс-шаралар кестесін ескере отырып, Украина ұйымдастырған бейбітшілік саммитіне қатысу туралы шешімді алда қабылдайды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. 

«Еліміздің осы саммитке қатысуы халықаралық іс-шаралар кестесін және осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасының ресми ұстанымын ескере отырып қаралатын болады», – деді Смадияров.

Ресми өкіл Қазақстан Украинамен де, Ресеймен де бірдей тығыз саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды қолдайтынын еске салды.

«Барлық елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау және БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтауды қолдаймыз. Осы тұрғыда халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысы негізінде осы елдер арасындағы екіжақты қатынастарды бейбіт жолмен шешуді ғана қолдаймыз», – деді Смадияров.

Зеленскийдің сұхбаты жайлы

Айбек Смадияров Украина президенті Владимир Зеленскийдің қазақстандық журналистерге берген сұқбаты туралы да пікір білдірді.

«Украин тарабы бұл жобаны (Зеленскиймен Орталық Азия елдері журналистерінің сұхбатын) өздері ұйымдастырып, Қазақстанның кейбір журналистерін шақырған. Сұхбатты ұйымдастырудан бөлек, бұл идея бізге өте күмәнді болып көрінді. Материалдар ұтымды емес, эмоционалды болып шықты», – деді Смадияров.

Айта кетейік, Зеленскийдің сұхбатына қатысты осыған дейін сенат спикері Мәулен Әшімбаев та пікір білдірген болатын.

2024 жылдың мамыр айында президент Зеленский Орталық Азия елдерінің журналистеріне сұхбат берді. Украина президенті Астана, Бішкек, Ташкент, Душанбе және Ашхабад Мәскеудің «қас-қабағына қарап» әрекет етіп жатыр деген пікір айтқан еді.

«Мысалы, біз бейбітшілік саммитін өткізіп жатырмыз, алғашқы қадамдарымыз. Орталық Азия елдерінің көшбасшыларын да шақырдық. Бұл саммитте бәрін көргіміз келеді. Мұның несі қорқынышты? Путиннің келмейтіні ғана қорқынышты. Путин [саммитке қатысқан] Орталық Азия елдерінің біріне танкпен барғанын елестете аласыз ба? Осыған бола бармайды – бұл жеткіліксіз. Сонда айтыңызшы, келмейтіндер неден қорқады? Олар Кремльмен қарым-қатынасты жоғалтудан қорқады», – деді Зеленский, «Власть» басылымына берген сұхбатында.

2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы «Арнайы әскери операция» деген атпен ауқымды соғыс бастады. Шабуылдың мақсаты ретінде Украинаның Донецк және Луганск облыстарының тәуелсіздігін қамтамасыз ету аталған болатын. Ресей оларды ресми түрде Донецк халық республикасы және Луганск халық республикасы деп атайды.