Бизнесмен Қайрат Боранбаев қайтадан Ұлттық Паралимпиада комитетінің басшысы болып сайланды. Бұл жайлы ол өзінің әлеуметтік парақшасында жазды.
«Достар, мен Паралимпиада федерациялары өкілдерінің бірауыздан қабылданған шешімімен Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті болып сайландым. Осы күні мені қолдағандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Бұл мен үшін өте маңызды қызмет. Біз Қазақстандағы Паралимпиада қозғалысын дамыту жөніндегі ауқымды стратегиямызды іске асырудың белсенді кезеңіндеміз. Соңғы жылдары қол жеткізген барлық жетістіктерімізге қарамастан, біздің көптеген жоспарларымыз бар, соның арқасында Қазақстан пара-спортшыларды кәсіби түрде дайындауды білетін, оларға ерекше көңіл бөлетін, сондай-ақ бәрімен қамтамасыз ететін ел ретінде және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсете алатын халық ретінде беделін нығайта береді»,- деп жазған Боранбаев.
Еске сала кетсек, 22 мамырда Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі Жеңіс Елемесов Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаевтың мемлекетке 134,5 млрд теңгенің активтерін қайтарғанын хабарлады. Ол сонымен бірге қылмыстық істің әлі де жжүрып жатқанын, бұл соманың әлі де өсуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Елемесов Боранбаевтың өз еркімен мемлекетке келтірген шығынды өтегені үшін бас бостандығынан айыру жазасы жеңілдетілгенін айтты.
Айта кетейік, 2023 жылдың 6 қарашасында Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Қайрат Боранбаевтың бостандыққа шыққанын хабарлады. Ақмола облысы Зеренді аудандық соты, бұған дейін 6 жылға сотталып, бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбаевтың жазасын бас бостандығын шектеумен ауыстыру туралы шешім шығарған болатын. Ақмола облысы Зеренді аудандық сотының шешіміне сәйкес, ол пробациялық бақылауға алынған.
Боранбаев мемлекетке қандай активтерді қайтарды?
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн доллар яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.
Сонымен қатар Боранбаевқа тиесілі «Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.
Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. Бұл нысандардың барлығы мемлекеттің пайдасына өтеді.
Сонымен бірге Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған еді.