Инфляция 8 пайыз болады: ХВҚ Қазақстан экономикасына қысым жасайтын факторларды атады
Халықаралық Валюта қорының (ХВҚ) миссиясы жыл соңына қарай Қазақстанда инфляция 8% болады деп болжайды. 23-31 мамыр аралығында Қазақстан Халықаралық валюта қорының миссиясын қабылдаған.
ХВҚ сапар қорытындысы бойынша елдің бүгінгі қаржылық-экономикалық дамуына шолудан тұратын мәлімдеме жариялаған. Бұл шолуда сондай-ақ негізгі түйіндер мен ұсыныстар қамтылды.
Миссияның пікірінше, қазір Қазақстанның экономикасы тұрақты. Алайда ел экономикасы мен қаржы секторына қатысты болжамның нашарлауының әсер ететін факторлар бар.
ХФҚ миссиясы инфляция нысаналы мәнге жақындағанша ақша-несие саясаты қатаң болуы қажет деп тұжырымдайды. Биыл салық-бюджет саясаты қатаңдату жоспарланғанымен, оған деген сенімді жақсарту үшін маңызды реформалар қажет. Қаржылы жағдайы тұрақсыз банктер мәселесін шешудің сенімді жүйесін құру және макропруденциалдық саясаттың әлеуетін дамыту керек деп жазады.
«Құрылымдық және климаттық реформаларды жүзеге асыруды жеделдету болашақтағы экономикалық өсуді арттыру және экономиканы әртараптандыруға қол жеткізу үшін маңызды болады», – делінген ХВҚ мәлімдемесінде.
Қазақстанның экономикасын дамыту тұрғысынан ХВҚ болжамын жақсартуға мүмкіндік беретін әлеуетті өсім факторлары ретінде мұнай бағасының қымбаттауы мен приоритетті салаларға инвестицияның артуын атап өткен.
Сонымен қатар, экономикадағы тәуекел факторларына сауда-серіктес елдердегі өсім қарқынының төмендеуі, инфляциялық қысым және су тасқынының салдары жатады.
Сарапшылар биыл жыл соңына қарай ол 8%-ға дейін төмендейді деп болжайды. ХВҚ инфляцияны Ұлттық Банктің мақсатты көрсеткішіне дейін төмендету үшін байыпты ақша-кредит саясатының маңыздылығын атап көрсетеді.
Мамыр айында Қазақстандағы жылдық инфляция 8,5%-ды құрады (сәуірде – 8,7%). Ал айлық инфляция 0,6%-дан 0,4%-ға төмендеген. Жыл басында еліміздегі инфляция деңгейі 9,8 пайыз болған.
Нарық қатысушылары да 2024-2025 жылдары инфляция төмендеп, теңге құнсызданатынын болжайды. Атап айтқанда, Қазақстанда инфляция 7-8 пайыз деңгейінде, ал ЖІӨ өсімі 4,5-5 пайызға жетеді деп күтілуде.
Еуразиялық экономикалық даму банкінің де болжамы жағымды. Қаржы ұйымы 2024 жылы Қазақстан экономикасы 5%-ға көтеріліп, инфляция 7,1%-ға дейін төмендейді деп тұжырымдайды.