Жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» Qazaq Air-ді неге вьетнамдық компанияға конкурссыз сатқанын түсіндірді

«Самұрық-Қазына» Qazaq Air конкурссыз сату себебін түсіндірді / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Самұрық-Қазына» қоры конкурстық рәсімдерді айналып өтіп, Qazaq Air әуекомпаниясын вьетнамдық SOVICO Group-қа сатады. Себебі өзге инвесторлар қор қоған талаптарға сәйкес келмейтін шарттарды ұсынған. Осылайша Aviation Holdings Company (SOVICO Group-тың еншілес компаниясы) ұсынысы ең үздік деп танылған. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қоры «Курсивтің» ресми сауалына жолдаған жауабында жазды.

Qazaq Air-ді сату туралы конкурс қор шарттарына сәйкес келетін компания болмағандықтан екі рет кейінге қалдырылған. Ақпан айында «Самұрық-Қазына» инвесторлардың ұсыныстарын жинайтынын хабарлаған. Алайда үшінші байқау сол күйі жарияланған жоқ. Мамыр айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев авиакомпанияны Sovico Group сатып алатынын хабарлады.

«Самұрық-Қазына» конкурстарды өткізу барысында түрлі инвесторлардан, соның ішінде Sovico Group-тан конкурстық құжаттамадағы талаптардан ерекшеленетін шарттар мен ұсыныстар алғанын нақтылады. Осыған байланысты ақпан айында инвесторлардан міндетті ұсыныстардың «Бәсекелестік және транспаренттік алымы» іске қосылған. Өтінімдер 7 ақпаннан 19 сәуірге дейін жиналған.

«80-нен астам жергілікті және шетелдік инвесторлар міндетті ұсыныстарды жинау процессінің басталғаны туралы білді және бізбен байланыста болды. Тәуелсіз кеңесшінің ұсынысына сәйкес алынған ұсыныстарды талдау қорытындысы бойынша Aviation Holdings Company (SOVICO Group еншілес компаниясы) міндетті ұсынысы ең үздік деп танылды», — деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына».

Қор келісімнің құпия сақталатынын еске салып, сатылатын үлестің мөлшері мен мәміле сомасын атаған жоқ. 

«Осыған байланысты мәміле шарттарына түсініктеме беруге әлі ерте. Вьетнам тарапымен ағымдағы уағдаластыққа сәйкес, мәміле аяқталғаннан кейін баспасөзге хабарланады», — деп толықтырды «Самұрық-Қазына».

Осыған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ вьетнамдық Aviation Holdings компаниясымен Qazaq Air әуе компаниясының акцияларын сату шарттары бойынша қағидаттар келісіміне қол қойылғанын хабарлаған.

Бұған дейін Қазақстан-Сингапур бизнес форумы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air әуе компаниясын жекешелендіруін құптайтынын жеткізді.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың тамызында «Самұрық-Қазына» «Qazaq Air» АҚ акцияларын сатуға шығарды. Қазақстандық әуе тасымалдау нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыруға, QAZAQ AIR әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвесторды тарту қарастырылатыны айтылды.

2023 жылдың қарашасында Көлік министрі Марат Қарабаев Вьетнамның VietJet Air компаниясы QazaqAir-ді сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.

Qazaq Air – «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниясы, бас хабы Астана аэропортында орналасқан. Қазақстан және көрші мемлекеттердің шекаралас аумақтарында өңіраралық әуе қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігін арттыру үшін құрылған.