Халықаралық сарапшылар пайымынша, биыл Орталық Азия елдерінің экономикалық белсенділігі біршама баяулайды. Әлем экономикасының әлсіреуі, Қытайдағы өсімнің баяулауы, қатаң ақша-несие саясаты және шикізаттық тауарлар бағасының төмендеуі өңірдегі экономикалық өсім перспективасына жағымсыз әсерін тигізбек. Дегенмен өңір елдерінде алға ұмтылыс бар және ол қозғалыс соңғы екі жыл бедерінде ерекше белсенді бола түсті. Халықаралық сарапшылар Орталық Азияның әлемдік аренадағы орны мен маңызын түсінеді және бұл ретте өңір көшбасшысы Қазақстанның рөлін бөле-жара айтады.
Өңірдегі экономикалық өсім көрсеткіші қалай қалыптасады?
Мақаламызға өзек еткелі отырған баяндамадағы ойлар мен деректерге сәл кейінірек орын береміз, әзірге маңызды әлемдік ұйымдардың бағалауын айналып өтпелік. Дүниежүзілік банк мамандарының айтуынша, өңірдегі экономикалық өсім биыл 2,8 пайызға дейін түседі. 2023 жылы көрсеткіш 3,3 пайыз болған еді. Бұған Орталық Азия экономикасының сенімді түрде қалпына келуі және Ресейдің қайтадан экономикалық өсімге ие бола бастауы әсер еткен еді. Ал келер жылы аймақтағы өндіріс өсімінің қарқыны соншалықты өзгере қоймайтын секілді.
Өз кезегінде бұл болжамның жүзеге асуы көптеген тәуекелді тудырады.
«Еуропа мен Орталық Азия елдері әлемдік экономиканың қолайсыз өсу динамикасымен шиеленіскен көптеген дағдарысқа қарсы тұруды жалғастырып жатыр. Бизнес динамикасын ынталандыру және климаттың өзгеруіне байланысты тәуекелдерге төзімділікті арттыру арқылы өнімділіктің өсуін қалпына келтіру аймақ халқын қорғауға және экономикалық өсуді жеделдетуге көмектеседі», дейді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассани.
Дегенмен өңірдегі инфляция деңгейі болжанғаннан да жылдамырақ төмендеп жатыр. Бұған әлемдік азық-түлік және энергетикалық ресурс бағасының күрт төмендеуі әсер еткен. Тұтынушылық бағаның медиандық жылдық өсімі 2024 жылдың ақпанында 4,2 пайызға (2023 жылдың басындағы 15 пайызбен салыстырғанда) төмендеген. Былтыр нақты кірістің әжептәуір өскеніне қарамастан 2022 жылы басталған дағдарыс үй шаруашылықтарына әлі де әсерін тигізіп жатыр дейді мамандар.
Сарапшылар Ресейдің Украинаға басып кіруі бүкіл әлемде экономикалық және саяси салдар туғызды, бұл өз кезегінде энергия тапшылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің ұлғаюына әкеліп соқты деп есептейді. Соғыс салдарынан Орталық Азия елдері өз экономикаларын әртараптандыруға белсене кірісті. Бұл орайда сарапшылар Қазақстан бастаған ОА елдері энергия мен азық-түліктің әлемдік тапшылығын біршама жұмсарта алуға қабілетті дейді.
Геосаяси шиеленіс – ОА елдерінің жаңа тынысы
Ресейдің геосаяси позициясының әлсіреуі және РФ экономикасына салынған батыс санкциялары ОА үшін энергетика және азық-түлік өнімдерін әлемдік нарыққа жеткізу тұрғысынан жаңа мүмкіндіктер ашты. Өңірдің ең ірі экономикасы саналатын Қазақстанда мұнайдың да, уранның да бай қоры бар, сондықтан осынау өзгерістің де басында тұруы заңдылық делінеді Атлантикалық кеңестің жаңа баяндамасында.
«Мемлекеттік субъектілер жеткізілімді әртараптандыруға итермелегеннен кейін Еуропадағы энергетикалық дағдарыс аз да болса жұмсарды. ЕО мүше-мемлекеттері сенімді жеткізушілермен қатынас орнату бойынша ұзақ мерзімді жоспар әзірлеуі тиіс болды. Бұл ретте көмір сутегінің мол қоры бар Орталық Азия Еуропадағы энергия тапшылығын жеңілдетуге қатысты маңызды рөл атқара алады. Сонымен қатар ОА елдері Қытай ықпалын теңдестіріп, Ресейге тәуелділікті төмендету үшін Батыспен қарым-қатынасты кеңейтеді. Қазақстан қазірдің өзінде КТК құбыры арқылы Еуропаға мұнай тасымалдау бойынша ОА елдері ішінде көшбасшы болып отыр. Қазір Қазақстан күніне 1,8 млн баррель (86 млн тонна) мұнай өндіреді. Жаңа кен орындары пайдалануға берілген жағдайда көрсеткіш 107 млн тоннаға дейін артпақ. Табиғи газ ресурсының көптігінен Орталық Азия тыңайтқыш өндіру бойынша қуаттылығын кеңейте алады және Еуропаға маңызды экспорттаушы атанады. Еуропадағы газ бағасы тұрақсыз, бұл орайда Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстан – үлкен көлемде жеткізілім жасау бойынша басты кандидаттар», делінеді баяндамада.
Үш елдің тыңайтқыш өндіру бойынша жиынтық әлеуеті жылына 6,6 млн тоннадан асады. Олар негізінен – карбамид, күкірт және калий карбонаты. Үш ел де Ресей, Қытай, Пәкістан импортына тәуелділікті төмендету және экспорттық әлеуетті арттыру үшін тыңайтқыш өндіретін зауыттарға елеулі инвестиция құйды.
Сарапшылар қазір ОА елдері бұрын-соңды болмаған кезеңді бастан өткеріп жатыр дейді.
«Еуропа мен Азиядағы энергия тасымалдауға қатысты өсіп келе жатқан сұраныс, бүкіл әлем бойынша азық-түлік пен тыңайтқыш тапшылығы өңірге өз ресурсын экспорттауға, сол арқылы дағдарыс салдарын жұмсартуға мүмкіндік береді. Алайда Орталық Азияның географиялық орналасуы және транспорттық маршруттар мен Ресеймен сауда қатынасы бойынша тым жоғары тәуелділігі аталған ресурстардың халықаралық нарыққа жедел әрі қауіпсіз шығуына кедергі келтіріп отыр. Мұндайда ОА елдеріне геосаяси үрдістердің өзгеруі шегінде тепе-теңдікті сақтау және экспортқа қайта бағдарлануға тура келеді. Қазіргі уақытта теңізге тіке шығар мүмкіндігі жоқ Қазақстан үшін Транскаспий бағыты ерекше стратегиялық маңызға ие», дейді сарапшылар.
Қазақстан қандай бастамаларды қолға алды?
Халықаралық мамандардың аңғаруынша, Астана қазір өңірлік экспортты әртараптандыру бойынша бірқатар маңызды бастаманы қолға алды:
- Транскаспийді пайдалану және дамыту бойынша Орталық Азия елдері және Әзербайжан, Грузия, Түркияның қатысуымен ірі дипломатиялық келісімдер: бұл жоба үлкен инвестицияларды, бірнеше қатысушылар арасындағы берік ынтымақтастықты және жылдам цифрландыру, кеден қызметтерінің сапасын арттыру, теміржол, автомобиль, теңіз көліктеріне инвестиция сияқты аймақтық саудадағы терең реформаларды қажет етеді;
- Астана қазір Баку-Тбилиси-Супса және Баку-Тбилиси-Жейхан құбырларын пайдалану бойынша келіссөз жүргізіп жатыр;
- Транскаспий газ құбыры жобасы өңірге тың серпіліс сыйлайды, өйткені Түркіменстан ғана емес, Қазақстан мен Өзбекстан да Еуропаға газ жіберуден ұтады. Өзбекстан әлемдегі алпауыт табиғи газ өндіруші болып отыр. Жылына 60 млрд текше метр көгілдір отын өндіреді. Қазақстанның көрсеткіші – жылына 32 млрд текше метр. Қазір үш елде өз газын Қытайға экспорттауда;
- Орта дәліз Қазақстан астығын Каспий теңізі арқылы Еуропаға жеткізуге жол ашады. Сондай-ақ астықты Кавказ арқылы теміржолмен де тасымалдауға болады. Егер Бакудан Грузия арқылы Түркияға тасымалдауға құлық танытса, онда Қара теңіз бен Жерорта теңізі де тасымалдаушы бағытқа айналады;
- Қазақстан Ресейдің уран байыту зауыттары мен тасымалдау жолдарын айналып өтіп, Орта дәліз арқылы ядролық отынды тікелей экспорттауға мүмкіндік беру үшін уранды конверсиялау әлеуетін дамытуды жеделдетуде;
- Астана астықты тасымалдау және сату үшін Бендер-Аббас портындағы жаңа қазақстандық терминалға орын беру өтінішімен Тегеранға жүгінді. Иран осы бастама аясында Қазақстаннан астық жөнелту көлемін ұлғайтуға келісті. Терминал Қазақстан үшін Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік-шығыс Азияның және Шығыс Африканың жаңа нарықтарына жеткізу үшін пайдаланылатын болады.
Транспорт дәліздері үлкен мүмкіндік сыйлайды
Қалай болғанда да, өңірдің энергетикалық және ауыл шаруашылық әлеуеті, сонымен қатар жер астындағы мол ресурс Орталық Азияны стратегиялық мүмкіндіктер аймағына айналдырып отыр. Бұл ретте ОА елдерінің дипломатиялық тетіктерді жедел іске қосуы аса маңызды дейді баяндама авторлары.
«Шетелдік державалар тарапынан «бөліп ал да билей бер» саясатына ұшырамас үшін, Орталық Азия елдері біртұтас блок ретінде әрекет етуі тиіс. Дәл қазір ОА елдеріне балама транспорт бағыттарын дамыту үшін инвестиция және технология саласына мемлекеттік және жеке құрылым қолдауын тарта алу өте маңызды», делінеді баяндама рекомендациясында.
Қазақстан географиялық тұрғыдан Еуропа мен Азияны жалғайтын өте маңызды бағыттың бойында тұр. Ел аумағын 11 халықаралық транзиттік дәліз кесіп өтеді. Сарапшылар есептеуінше, соңғы 25 жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық көлемі 14,9 пайызға ұлғайған. «Белдеу және жол» бастамасының өзі ел экономикасына 25 млрд доллар әкелмек.
«Оның үстіне Өзбекстан арқылы Оңтүстік Азиямен жалғайды делінетін Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар теміржол желісінің салынуы да Қазақстанның қадірін одан әрі биіктете түседі. Каспий теңізінде орналасқан Ақтау және Құрық порттары Орталық Азияны Батыс елдерімен байланыстырып тұр. Елдің географиялық орналасуы Қазақстанды солтүстік пен оңтүстік, батыс пен шығыс арасында көпірге айналдырды. Мемлекет билігінің де жүргізіп отырған көпқырлы сыртқы саясаты да өңірдегі маңызды ойыншыға айналуға көмектесті», дейді баяндама авторлары.
Сонымен бірге, Орталық Азия елдері алаңдауы тиіс факторлар да жоқ емес. Азия даму банкі (АДБ) жуырда жариялаған зерттеуінде Орталық Азия мен оған көршілес елдердегі тығыз трансшекаралық ынтымақтастық және сауда саясатын реформалау сауда қызметі мен өндірістік-өткізу тізбектерінен көміртегі ізін – өндіріс тұрғысынан әлемдегі энергияны көп қажет ететін өңірлердің бірінде шығарындылардың өсіп келе жатқан көздерін қысқартуы мүмкін деп мәлімдеді.
АДБ Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Евгений Жуковтың айтуынша, аталған бастама сауда көлемін арттыруға, жеткізу тізбегін көміртегіден біршама арылтуға және сауда тізбегін мейлінше орнықты ете түсуге септеседі.