Жаңалықтар

60 жобаны әзірлеуге 17 трлн теңге жұмсалады: Энергетика министрлігі инвестициялық жобалар пулын әзірлеген

Энергетика министрлігі 60 инвестициялық жобаларды жүзеге асырады / Фото: kursiv.media

Энергетика министрлігі құны 17 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар пулын жасақтаған. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР Энергетика министрлігі Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулына сәйкес, 17 трлн теңге сомасына 60 жоба әзірледі»,- делінге баспасөз хабарламасында.

Бұл жобалар негізінен жаңа энергоқуаттарды енгізуге, газ өңдеу зауыттарын салуға, отандық мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтуге бағытталған. Сонымен бірге жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар мен мұнай-газ химиясын дамытуға бағытталған жобалардан тұрады.

Жаңа энергоқуаттарды енгізу бойынша оңтүстік өңірлерде орнатылған қуаты шамамен 2,3 ГВт газ генерациялау жобалары жүзеге асырылады. Ал 2024 жылы қуаты 500 МВт болатын Екібастұз ГРЭС-1-дегі бірінші энергия блокты қалпына келтіру бойынша ірі жобасы аяқталады.

Сонымен бірге Батыс Қазақстанда электр желілерін Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне қосу жобасы бойынша жұмыстар жалғаспақ. 2035 жылға дейінгі қабылданған елдің Энергетикалық балансына сәйкес, жалпы қуаты шамамен 26 ГВт болатын жаңа қуаттарды іске қосу және қолданыстағы қуаттарды жаңғырту бойынша жобалары жүзеге асырылады.

Газ өңдеу зауыттарын салуға қатысты жобаларды жүзеге асыру жұмыстары алдағы 5-6 жылға жоспарланған. Мәселен 2028 жылы Қарашығанақ кен орнындағы газ өңдеу зауыты пайдалануға беріледі. Зауыт жылына 4 млрд м³ газ өңдейді. Ал 2030 жылға қарай қуаты 2,5 млрд м³ болатын Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауыты іске қосылады.

Одан бөлек Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд м³ болатын газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Зауыт 2026 жылдың II тоқсанында пайдалануға беріледі.

Пулда қарастырылған отандық мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту бойынша Қазақстанда мұнай өңдеу қуаттылығын 18 млн тоннадан 27 млн тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Шымкент МӨЗ-інің қуаты – 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, Павлодар мұнай зауытының қуаты – 5,5 млн тоннадан 8 млн тоннаға дейін, CaspiBitum қуаты – 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін артады деп күтілуде.

Ал жаңартылатын энергия көздері бойынша 2027 жылдың соңына дейін 592 МВт жасыл генерацияны іске қосу жоспарланған.

«Мұнай-газ химиясы саласында бутадиен және оның туындыларын өндіру қуаты жылына 339 мың тоннаға дейін, полиэтилен – 1250 мың тоннаға дейін және полиэтилентерефталат – 730 мың тоннаға дейін болатын 3 ірі жоба жүзеге асырылуда, жалпы сомасы шамамен 12,9 млрд АҚШ долларын құрайды»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, ақпанда «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімге келді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасындағы келіссөздің қорытындысы бойынша қол қойылған келісімшарттың бірі.

Сонымен бірге Қазақстан Қытай және Ресей компанияларымен бірлесіп, 7,7 млрд долларға газ-химия кешенін салады. Салынатын зауыт үлесі үш компанияға тиесілі болады. Онда «ҚазМұнайГаз үлесі» – 40%, SINOPEC үлесі – 30%, СИБУР үлесі– 30% құрайды. Кездесу барысында Sinopec-тің жоба қатысушыларының құрамына кіруін ресми түрде аяқтайтын үшжақты хаттамаға қол қойылған. Бұл кешенде өңделген шикізат құны 20 есеге артады. Қосылған құнның бұлайша артуы елдің экономикалық өсіміне де айтарлықтай үлес қоспақ.