Жаңалықтар

Утиль алым мәселелері бойынша петицияны жақтаушылар жұмыс тобының отырысына қатысудан бас тартты

Утиль алым мәселелері бойынша петицияны жақтаушылар жұмыс тобының отырысына қатысудан бас тартты/kursiv.media

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утиль алым мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы шегерілгенін мәлімдеді.

Министрліктің баспасөз қызметі петицияға бастама көтерген азаматтар талапты орындамады деген уәж айтқан. Ереже бойынша мекеме ғимаратында келушілер ұялы телефондарын кіре берісте қалдыруы керек. Алайда өтініштің бастамашысы С. Боқаев және оның өкілдері регламент талаптарын орындаудан және жұмыс тобының отырысына қатысудан бас тартты.

«Осыған байланысты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне байланысты емес себептер кесірінен отырысты өткізуді тоқтатуға тура келді. Отырысқа қатысу үшін Парламент депутаттары, өнеркәсіп вице-министрлері, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды. Өңірлерден қоғам белсенділері келді. Алайда, біз жоспарланған іс-шараны тоқтатуға мәжбүр болдық, өйткені петицияның бастамашысы оған қатысудан бас тартып, Министрліктің оған Жұмыс тобының отырысы аяқталғаннан кейін бейнежазбаны ұсынуына келіспеді», ― деді ӨҚМ баспасөз қызметі.

Үкімет мүшелері утиль алымды мүлдем алып тастау тиімсіз екенін мәлімдеп үлгерді

24 мамырда қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комиссия талқысына ұсынатыны мәлім болды.  Құжатқа қол қойғандар саны 50 мыңға жеткен еді.

Қалдықтарды кәдеге жарату бағасының қымбат екеніне байланысты қоғам тарапынан сын-пікір жиі айтылады. Белсенді азаматтар қол жинап, утиль алымды қолданыстан алып тастауды талап етіп келеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев белсенділер талабын орындауға қарсы екенін ашық мәлімдеп те үлгерді. Министр зауыттар мүддесін ескеру керектігін құптайды. Утиль алым арқылы жаңа ашылған индустрияға қолдау көрсетілетінін, мұның отандық өнімді қорғауға бағытталған шара екенін айтты.

«Өнеркәсіпті дамытуға ақша салу керек және мемлекет бұл идеяны қолдайды. Егер қолдау көрсетпсек, экономикалық дамуда біз артта қалып қоямыз. Мен мұны қаламаймын», – деді Шарлапаев.

Көп ұзамай бірінші вице-премьер Роман Скляр да өз пікірін білдірді. Скляр утиль алымды жою ескі көліктердің қаптауына және экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеліп соғады деп тұжырымдаған.  Оның пайымдауынша, барлық кедергіні, соның ішінде 3 жылдан асқан автомобильдерге тіркеу алымын алып тастау ескі машиналардың елімізге көптеп жеткізілуіне, экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкеліп соғады.

«Адамдардан «Сіз осындай ескі көліктерден бөлінетін зиянды газбен демалғыңыз келе ме?» деп сұрау керек. Барлық пікір ескерілуі қажет. Сондай-ақ біздің зауыттарға барып, онда жұмыс істейтін адамдармен сөйлесуге кеңес берер едім. Кәсіпорындарда локализация өте жоғары, оның ішінде бұл ауылшаруашылық техникасына қатысты: барлық қондырмалар, тіркеме жабдықтары, кабиналар дәнекерлеу, бояу, кесу, иілдіру бойынша техникалық операциялар жүзеге асырылады.

Біздің басты міндетіміз — локализацияны арттыруға ұмтылу. Үкіметтің қазіргі алға қойған мақсаты – елімізге мүмкіндігінше көп пайда әкелу үшін ілеспе өндірістерді құру. Өткен жылы отандық автоөндірушілер 142 мың автомобиль шығарды. Осы жаңа көліктерді сатып алғандар утилизациялық алым төлеген жоқ.

Біз әрбір азамат өсу бенефициары болатын өз өндірісіміз бен өнеркәсібіміздің дамуын ынталандырамыз», — деп атап өтті Роман Скляр.

Түйткілді талқылауға кімдер қатысады?

Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, утиль алымы мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобында тараптардың қамтылуы ескерілген. Жұмыс тобына ҚР Парламентінің депутаттары, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, Мәдениет және ақпарат вице-министрлері, Сыртқы істер министрінің орынбасарлары, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.

Сонымен қатар жұмыс тобының құрамына қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының, өнеркәсіп саласының өкілдері, утиль алымды жоюға бастама көтерген С. Боқаев, Е. Кулбасов, Д. Макешов, Д. Салықов және басқа да азаматтар қосылды.