Жаңалықтар

Әлемде астық пен сүт өнімдерінің бағасы өсті, ет бағасы өзгеріссіз қалды – ФАО

Неліктен азық-түлік бағасы өсті? / Архив: kursiv.media

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) кезекті есебін жариялады. Оған сүйенсек әлемдік азық-түлік бағасының индексі өскен.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2024 жылдың мамыр айында ФАО азық-түлік бағасының орташа индексі (FPPI) үшінші ай қатарынан 120,4 тармаққа көтерілді. Бұл сәуірдегі көрсеткіштен 1,1 тармаққа немесе 0,9%-ға жоғары. Бірақ 2023 жылғы мамырдағы көрсеткіштен әлі де 3,4%-ға төмен. Ал 2022 жылдың наурызында жеткен 160,2 тармақтың ең жоғары деңгейінен 24,9% төмен.

«Астық пен сүт өнімдеріне баға индексінің өсуі қант пен өсімдік майына баға индексінің төмендеуінің орнын толтырды. Ал ет бағасының индексінің мәні іс жүзінде өзгеріссіз қалды», – деп жазылған ФАО есебінде.

Мамыр айында әлемде астықтың барлық негізгі түрлері бойынша баға өсімі тіркелді. Оның ішінде бидай бағасының күрт қымбаттаған.

«Күрделі өсім 2024 жылғы ауылшаруашылық дақылдарын дамытудың қолайсыз жағдайлары туралы алаңдаушылықтың артуына байланысты болды. Сонымен қатар, Қара теңіз аймағының порт инфрақұрылымына келтірілген зиян бағаның өсуіне одан әрі ықпал етті», – деп түсіндірді БҰҰ.

Еске сала кетсек, Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтар табысының 50%-ға жуығын азық-түлікке жұмсайтынын хабарлаған.

Қазақстанда кейінгі төрт жылда алғаш рет азық-түлік бағасы арзандады.

«Бұл динамика ішінара маусымдық сипатқа ие. Осылайша қияр – 29%, қырыққабат – 19,1%, қызанақ – 15,4%, тәтті бұрыш – 5,8%, сарымсақ 5,3% арзандады. Бұл ретте жұмыртқа – 9,8%, қарақұмық жармасы – 3,3%, күнбағыс майы – 2,1%, арпа жармасы – 1,1% арзандады», – деп хабарлады Бірінші кредиттік бюро.