Соңғы үш жылда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (МҚЖАҰ) мен несие портфелінің активтері 2 есеге өсіп, несие портфелі 2,4 трлн теңгеге жетті. Бұл жайында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлім етті.
«Соңғы жылдары микроқаржыландыру секторы өсуінің негізгі драйвері кредиттік ресурстарды ұсынудың жылдамдығы мен қарапайымдылығы болды. Микрокредит беру субъектілері қызмет көрсетудің цифрлық технологияларын белсенді қолдана бастады, бұл бүкіл ел бойынша таралған ауқымды филиалдық желімен бірге клиенттерге қсынылған өнім желісінің қолжетімділігін кеңейтуге, сондай-ақ бизнесті дамыту үшін, әсіресе шалғай аудандар мен ауылдар үшін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің, жеке тұлғалардың кредиттік ресурстарға қажеттіліктерін жабуға мүмкіндік береді», – деді Олжас Қизатов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Агенттік өкілінің сөзінше, 3 жылда бизнеске берілетін микрокредиттер көлемі 2 есеге ұлғайған. Оның жалпы көлемі 56%-ды құрады. Сондай-ақ, несие портфелінің айтарлықтай өсуіне қарамастан, NPL деңгейі 3,9% деңгейінде сақталды.
«Өңірлер бойынша микрокредиттердің ең көп көлемі Павлодар (23%) және Қостанай облыстарына (13%) минералдық ресурстарды өндірумен және электрмен жабдықтаумен байланысты өнеркәсіп секторларына тиесілі. Сауда және қызмет көрсету секторларына кредит беру Шымкент (10%), Астана (7,3%), Алматы (5,4%) ірі қалаларында және Түркістан (9,8%) және Жамбыл (5,3%) облыстарында басым»,-деп мәлідеді агенттік төрағасының орынбасары.
Микроқаржы ұйымдарының қызметі қатаң қадағаланады
2023 – жылы микроқаржы ұйымдарының қызметіне қатысты 370 тексеру жүргізілген. Оның нәтижесінде 155 млн теңге сомасына 529 айыппұл салынды.
«Алғаш рет БЖК есептеу талаптарын сақтау мәселесі бойынша сектордың несие портфелінің 93%-ын құрайтын 77 МҚҰ-ға тақырыптық тексерулер жүргізілді. МҚҰ-ның негізгі бұзушылықтарының ішінде 60 күн кешіктірген кезде микрокредиттер беруді, есептеу талаптарын бұзуды, кредиттік бюроға ақпаратты уақтылы ұсынбауды және сыйақының шекті мөлшерлемесінен асып кету бар. Қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша 88 микрокредит беру субъектісі, оның ішінде 16-сы мәжбүрлі түрде лицензиясынан айырылды», – деді спикер.
Айта кетейік, халыққа берілген несие көлемі бір жылда 27,6%-ға өсіп, 19,1 трлн теңгеге жеткен. Ұлттық банк статистикасына сәйкес, 2024 жылдың 1 сәуірінде экономика секторы бойынша несие көлемі 35,5 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бір жылда 21,4%-ға ұлғайды.
Кредиттердің 46,4%-ы кәсіпкерлерге тиесілі. Оларға берілген несие мөлшері 15,0%-ға өсті. Кәсіпкерлер алған несие көлемі – 16,5 трлн теңге. Қалған несие – 19,1 трлн теңге халыққа берілді. Қарапайым халық рәсімдеген кредит 27,6%-ға дейін көбейді.
Сондай-ақ енді жеке тұлғаның қаржы ұйымдарынан алатын несиесінің көлемі 3,7 млн теңгеден асатын болса, онда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі болуы міндетті.