Жаңалықтар

Бас прокуратура «Қазселденқорғау» экс-басшысының ісі бойынша үкімге наразылық білдіреді

Бас прокуратура «Қазселденқорғау» экс-басшысының ісі бойынша үкімге наразылық білдіреді / Фото: ОКҚ/Facebook

Бас прокуратура «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы Кәрім Көкрекбаевтың ісі бойынша үкімге наразылық білдіреді.

Бас прокуратура ақпаратына сүйенсек, Көкрекбаевқа аса ірі мөлшерде бірнеше рет пара алды деген айып тағылған. Алқабилер соты шенеунікті ақтап алған.

«07.06.2024 жылғы Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы К.Н. Көкрекбаевқа қатысты ақтау үкімін жариялады»,–делінген хабарламада. 

Прокуратура сот үкімінің күшін жою туралы апелляциялық өтінішхат жіберетінін хабарлады.

2023 жылы мамыр айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған.