«E-Petition.kz» ресми порталында «Біз ҚР-дағы ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз» петициясы 50 мың қол жинаған. Осыған байланысты петиция Үкімет қарауына жіберілген. Бұл жайлы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
«E-Petition.kz» ресми порталында «Біз ҚР-дағы ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз» петициясы ресми қаралуы үшін қажетті қол жинады.
ҚР ӘРПК-нің 90-4-бабына сәйкес, 50 000 қол жиналғаннан кейін, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өтінішті қарауға қабылдады. ҚР ӘРПК-нің 90-5-бабына сәйкес, петицияны қарау мерзімі – оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі уақыт аралығын қамтиды», – делінген министрлік хабарламасында.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен құралған жұмыс тобының қызметі ұйымдастырылатынын, өтінішті қарау процесі заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетінін хабарлады.
50 мың қол жинаған бұл петицияның авторы қоғам белсендісі Бағила Балтабаева. Ол санасы қатпаған балалардың бір жынысты қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп үйреніп, тіпті трендке айналдыра бастағанын, мұның қоғамның үлкен қасіреті екенін айтқан.
Автор мысал ретінде Өзбекстан мен Ресейде қатаң заң талаптары қабылданғанына тоқталып, Қазақстанда да оны насихаттауға заң негізінде тыйым салу қажеттігін айтқан.
«Ересектердің жыныстық қарым қатынастары, өмірі, олардың өздерінің жеке шаруасы, бірақ солардың ашық түрде бір жынысты қарым-қатынасты ашық түрде насихаттауына түбегейлі қарсымын, өйткені соны тыңдап, көріп отыратындардың арасында санасы қатпаған балалар да бар! Сондықтан, мен, Бағила Балтабаева, Қазақстан мемлекетінде ЛГБТ-ның ашық және жасырын түрдегі үгіт-насихаттарына толықтай заң бойынша тыйым салынуын және насихаттағандар заң аясында жазалануын талап етемін!», – делінген петицияда.
Еске сала кетсек, мұның алдында Amanat фракциясының депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан «Масс-медиа туралы» заңға түзету енгізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына «ЛГБТ өкілдері туралы жазуға» тыйым салуды ұсынған болатын. Олар ЛГБТ-ны «біржақты насихаттауға» қарсы шыққан. Депутаттар «Масс-медиа туралы заңның» 22-бабына түзету енгізіп, бұқаралық ақпарат құралының жабылуына алып келетін тақырыптар қатарына қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, топтық және рулық үстемдікті насихаттауға қоса, «дәстүрлі емес жыныстық байланысты насихаттауды» қосқысы келген. Олар бастаманың көптеген қазақстандықтың өтініштері бойынша көтерілгенін ескерткен болатын.