БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Израиль мен ХАМАС арасындағы текетіресті тоқтатуға қатысты жоспарын қолдады

Жарияланды
Шығарушы редактор
БҰҰ қауіпсіздік кеңесі
БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Газадағы соғысты тоқтатуды қолдайды. Фото: shutterstock

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Газа секторындағы атысты тоқтату туралы ұсынысын қолдап, ХАМАС содырларын келісімді қабылдауға шақырды. Израиль резолюцияны қабылдаған. Ал ХАМАС жоспар қағидаларын жүзеге асыруда арағайын елдермен келісімге келуге дайын. Бұл туралы Reuters агенттігі жазады.

«Бүгін біз бейбітшілік үшін дауыс бердік», – деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас-Гринфилдт

Қауіпсіздік кеңесіне кіретін 15 елдің 14 мүшесі АҚШ ұсынған қарар жобасын қолдап дауыс берсе, Ресей қалыс қалды.

Америка ұсынған жоспар үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең кепілге алынғандар мен тұтқындарды айырбастау, сондай-ақ атысты біраз уақыт тоқтатуды қамтиды. Екінші кезеңде «соғысты түпкілікті тоқтату», сондай-ақ Израиль әскерлері Газадан толық шығарылуы керек. Ал үшінші кезеңде Газа секторы толық қалпына келтірілмек.

2023 жылдың 7 қазан күні Израиль-Палестин қақтығысы кезекті рет ушыққан болатын. ХАМАС содырлары Израильдің оңтүстігіне жаппай зымырандар тастай бастады. Ал Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.

Жақында Ирландия, Испания және Норвегия Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. Еуроодақтың үш елінің бірдей Палестинаның тәуелсіздігін мойындағаны жарияланған соң, Израиль сыртқы істер министрі Исраэль Катц X әлеуметтік желісінде Ирландия мен Норвегиядағы елшілерді консультациялар үшін шақыртып алатынын мәлімдеген.

Алайда Израиль Палестина мемлекеттігін ресми мойындаған Еуропа елдерінің әрекетін сынға алды. Сонымен қатар Словения да Палестина мемлекетін ресми түрде мойындады.

Еске сала кетсек, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Израиль-Палестина қақтығысын шешуге қатысты ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді. Қазақстан екі ел арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге бірнеше рет шақырды. Палестина халқына гуманитарлық көмек жіберіп, өз азаматтарын қақтығыс аймағынан эвакуациялады.

Сондай-ақ оқыңыз