Жаңалықтар

12,7 пайызды құрайды: қазақстандықтардың жылдық инфляцияға қатысты болжамы төмендеді

жылдық инфляцияға
Жылдық инфляцияға қатысты болжам қандай? Фото: shutterstock.com

Қазақстандықтардың елдегі жылдық инфляцияға қатысты болжамы төмендеді. Биыл ел тұрғындары инфляция 12,7%-ды құрауы мүмкін екенін айтады.

Сәуір айындағы сауалнамаға қатысқандар жылдық инфляцияға қатысты 16,1%-ды құрайды деп пікір білдірген. Астана, Алматы, Шымкент қаласы және облыс орталықтарын қамтыған сауалнамаға 1500 респондент қатысқан.

Респонденттердің 44,9 пайызы өткен айда азық-түлік қалыпты қымбаттады десе, 33 пайызы өте қатты қымбаттағанын айтқан.

Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы былтыр азық-түлік пен қызмет бағасы алдыңғы жылмен салыстырғанда тез өсті деп жауап берген. 49,3 пайызы алдағы 12 айда азық-түлік пен тауар бағасы қазіргіден де қымбаттай түседі деген.

Респонденттердің басым бөлігі отбасындағы айлық орташа табыс 200-500 мың теңге айналасында деп белгілеген. Сұралғандардың 40,4 пайызы алдағы 12 айда отбасының материалдық жағдайы өзгеріссіз қалады десе, 30 пайызы жағдайының жақсаратынына сенімді.

Сауалнамаға қатысқандардың тек 22 пайызы жеке қаржы жинағым бар деп жауап берген. Ал 70 пайызының ешқандай қоры жоқ. 6 пайыз респондент жауап беруге қиналатынын айтқан.

Мамыр айында Қазақстандағы жылдық инфляция 8,5%-ды құрады (сәуірде – 8,7%). Ал айлық инфляция 0,6%-дан 0,4%-ға төмендеген. Жыл басында еліміздегі инфляция деңгейі 9,8 пайыз болған.

Халықаралық Валюта қорының (ХВҚ) миссиясы жыл соңына қарай Қазақстанда инфляция 8% болады деп болжайды.

Нарық қатысушылары да 2024-2025 жылдары инфляция төмендеп, теңге құнсызданатынын болжайды. Атап айтқанда, Қазақстанда инфляция 7-8 пайыз деңгейінде, ал ЖІӨ өсімі 4,5-5 пайызға жетеді деп күтілуде.