Оңтүстік өңірелерде шегіртке қаптап кетті. Аптап ыстық салдарынан Түркістан облысында 60 мың гектарға зиянкестер таралып кеткен. Осыған орай, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров өңірлерге шұғыл жұмыс сапарымен аттанады.
Түркістан облысында аптап ыстық пен шегірткенің қосымша 60 мың гектар алқапқа таралуы жағдайды қиындатқан. 10 маусымдағы жағдай бойынша оның 45,3 мың гектары өңделген. Ал Арыста – 36,8 мың гектар, Шардара ауданында – 6,7 мың гектар, Келес ауданында – 1,6 мың гектар жер дәріленген.
«Белсенді таралу кезеңінде зиянкестермен күрестің әрбір күні өте маңызды. Сондықтан орталық жедел штаб аптасына екі рет отырыс өткізуге көшті. Барлық өңірлер қарқынды жұмыс режимінде: ахуал үнемі бақылауға алынған және өңдеуді күшейту қажет жерлерге техника мен пестицидтердің қосымша көлемі дереу жеткізілуде», – делінген Үкімет үйінің хабарламасында.
Зиянкестермен күрес жұмыстарын үйлестіру мақсатында вице-премьер Серік Жұманғарин Жетісу облысына, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына, Ауыл шаруашылығы вице-министрлері Қостанай және Ақтөбе облыстарына жұмыс сапарымен барады.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің 46 қызметкері Түркістан облысына іссапарға жіберілген. Олар бүгінде өңдеуге тиісті жерлерді анықтау мақсатында аумақтарда зерттеу жүргізіп жатыр. Егер ол жерден зиянкестердің таралу аймақтары анықталса, химиялық заттардың екі еселенген дозасымен қайта өңдеу жұмыстары жүргізілмек.
9 маусымда Серік Жұманғарин Қазақстанда шегірткенің таралу қарқыны күшейіп келе жатқанын, биылғыдай шегірткенің таралу аймағы осыншалық үлкен болмағанын айтқан еді.
Еске сала кетсек, шегірткенің биыл көп болатынын Ербол Қарашөкеев бір жыл бұрын болжаған. Ол сол кезде зиянкестердің күрт көбеюіне «күннің белсенділігі» әсер еткенін айтқан еді.
Сол көп шегірткемен күресуге биыл Үкіметтен 2 есе көп қаражат бөлінген болатын. Осы жылы бұл шараларға республика резервінен 8,1 млрд теңге бөлінген. Байқасақ, шегірткемен күреске Үкімет жылдан-жылға қаражатты көптеп бөліп жатыр. Мәселен, 2022 жылы шегірткемен күреске 2,5 млрд теңге бөлінген. Ал 2023 жылы республикалық бюджеттен табын зиянкестерімен күресуге пестицидтерді сатып алуға, сақтауға, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерге 3,8 млрд теңге жұмсалған.