Жаңалықтар

2 мыңнан аса үй әлі де су астында тұр – Шарлапаев

шарлапаев
Табиғи апат кезінде барлығы 18 005 үй су астында қалған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында 2 122 үй әлі де су астында тұр. Бұл жайлы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

Министр көктемгі су тасқыны кезінде қанша үй-жайлардың зардап шеккенін және олардың қаншасына баспанамен көмек көрсетілгені жөнінде премьер-министр Олжас Бектеновке мәлімет берді.

Айтуынша, наурыздан бері табиғи апат салдарынан 18 005 тұрғын үй объектісі зардап шеккен. Оның шамамен 96 пайызына, яғни 17 295 нысанға техникалық тексеріс жүргізілген. Ал тексерілген объектілер бойынша 2 245 тұрғын үй салынуы тиіс. Сонымен бірге жылжымайтын мүлік нарығында 5 235 тұрғын үй сатып алу және 9 819 объектілерін жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге 1 828 үйдің құрылысы басталған.

«Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқыны төмен. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында. Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс қарқыны жақсы. Бүгінде 53 тұрғын үй пайдалануға берілді»,  – деді министр.

Министр Шарлапаевтың мәліметінше, бүгінгі күні барлық су басқан өңір бойынша 1 943 тұрғын үй сатып алынған. Ал 1 772 үй иелеріне жөндеу жұмыстары бойынша төлемдер төленген. Оның ішінде 3 882 үйдің жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа апаттан қираған тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырған болатын.

Ал Өнеркәсіп жән құрылыс министрлігі өңірлерде құрылыстың қашан аяқталатынын хабарлады. Атырау облысында құрылыс, жөндеу жұмыстарын аяқтау және тұрғын үйлерді сатып алу мерзімі 2024 жылғы қыркүйекте аяқталса, Ақмола облысында бұл жұмыстарды қазан айында аяқтау жоспарланған. БҚО-да құрылыс және жөндеу жұмыстары ертерек аяқталады. Министрлік жоспарына сәйкес, құрылыс және жөндеу жұмыстарын аяқтау мерзімі – 31 шілдеге белгіленген. Ал тұрғын үйлерді сатып алу бойынша жұмыстар 2024 жылдың 15 тамыз күні аяқталмақ.