Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жүзеге асатын маңызды жобалар жөнінде айтты. Соның бірі – екі қаланың арасында салынатын алғашқы жерасты өткелі.
«Тағы бір жобамыз – Қазақстандағы ең алғашқы автокөлік туннелі. Ол – Шымкент мен Таразды қосатын, ұзындығы 800 метрден астам жерасты жолы. Естеріңізде болса, қыста Тараздағы Шақпақ баба өткелінде үлкен проблема болды. Енді осы мәселе толығымен шешіледі», – деді министр.
Шақпақ баба асуы арқылы өтетін еліміздегі алғашқы автомобиль туннелінің құрылысы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұған дейін асфальтбетон құйылды. Қазіргі уақытта бейнебақылау жүйесін монтаждау, газ құбырын өткізу, желдеткіштер мен өртке қарсы жабдықтарды орнату жұмысы жүргізілуде.
Марат Қарабаев қалаларалық жолдар құрылысы туралы да айтты.
«Екі облыстың орталықтарын және облыстың ішіндегі аудан орталықтарын қосатын жаңа жолдардың құрылысын бастадық. Оған қоса биыл төрт ірі жоба – Алматы мен Астананың, Талдықорған мен Өскеменнің, Атырау мен Астраханьның, Ақтөбе мен Қандыағаштың арасындағы автожолды толық бітіреміз деп жоспарлап отырмыз», – деді ведомство басшысы.
Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында ең ұзын көпір салынып жатқаны мәлім болды. Екі жолақты автокөлік көпірінің ұзындығы – 1316 метр. Бұқтырма су қоймасы үстінен жүргізілген өткел биыл ашылады. Бұл көпір елдегі туристік нысан – Марқакөлге алып баратын төте жолдың бірі болмақ. Былтыр көпір жобасы Үкімет отырысында талқыланған.
– 1980 жылдардан бері талқыланып келе жатқан көпір құрылысы тәмамдалады. Халық Бұқтырма арқылы пароммен өтіп, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Бірнеше апатты жағдай орын алды. Кісілер де, көліктер де суға түсіп кеткен кез де болды. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең үлкен және ең ұзын көпір болады, – деді Көлік министрі.