Жаңалықтар

Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл басынан бері бір террорлық шабуылдың алды алынғанын хабарлады

Террорлық әрекет
ҰҚК 1 террорлық шабуылдың алдын алып, терроризмге қатысы бар 151 шетелдік азаматтың елге кіруін шектеген / Фото: kursiv.media

Қазақстанда жыл басынан бері бір террорлық шабуылдың алды алынған. Бұл жайлы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың басшылығымен өткен Терроризмге қарсы орталықтың отырысында айтылған.

«ҰҚК осы жылдың басынан бастап Қазақстанда 1 террорлық шабуылдың алдын алды. 26 адам террористік және экстремистік қызметі үшін сотталды»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қатысы бар 151 шетелдік азаматтың елге кіруіне жол берілмеген. Республикаға тыйым салынған діни әдебиеттерді әкелгені үшін 19 шетелдік жауапқа тартылған.

ІІМ және ҰҚК күштерімен террористік тұрғыдан осал объектілерді, оның ішінде адамдар көп жиналатын орындарда 3 мыңнан астам тексеру жүргізген. Қауіптің алдын-алу мақсатында 356 терроризмге қарсы оқу іс-шаралары өткізілген.

«Жиында шетелдік радикалдардың ену қаупін жою, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау мәселелері қаралды», – деп хабарлайды Терроризмге қарсы орталықтың баспасөз қызметі.

Отырыс қорытындысы бойынша экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпымемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты шешімдер қабылданған. Комитет басшысы Ермек Сағымбаев отырыста елдегі маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырған.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың желтоқсан айында терроризмді насихаттады деген күдікпен Шығыс Қазақстан тұрғыны ұсталды. Тергеу әрекеттері барысында азаматтың тұрғылықты жері бойынша діни әдебиеттер тәркіленген. ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл азаматқа ұсталмай тұрып, мұндай заңсыз әрекеті үшін қылмыстық қудалау қарастырылғаны ескертілген. Ресми түрде сақтанып жүру туралы да ескертпе берілген. Алайда бұл әрекеттерге қарамастан, күдікті заңға қайшы келетін әрекеттерге барған.

2023 жылдың аяғында Алматы әуежайында шетелдегі террорлық ұйымға қосылуды көздеген азамат ұсталды. ҰҚК-нің хабарлауынша, ол бұрын ұрлық, зорлау фактісі бойынша және кісі өлтіргені үшін сотталған. Сондай-ақ террористік әрекеттерді қаржыландырды деп күдіктелуде.