Ресей президенті Владимир Путин Украинамен келіссөз жүргізу шарттарын атады. Атыс тоқтауы үшін Украина НАТО мүшелігіне өтуден бас тартуы керек және Ресей окупациясындағы жерлерден әскерін алып кетуі керек.
Нақтырақ айтқанда, Украина әскерлері Донецк және Луганск халық республикаларының (Қазақстанда мойындалмаған) жерінен, Запорожье және Херсон облыстарының аумағынан шығарылуы керек. Осы шарттар орындалған жағдайда ғана Владимир Путин келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізді.
«Украин әскерлері Донецк және Луганск халық республикаларынан, Херсон және Запорожье облыстарынан толығымен шығарылуы керек және мына нәрсеге ерекше назар аударсаңыздар, бұл облыстардың Украинаға кірген кездегі бекітілген әкімшілік шекарасының аумағын түгел босату керек. Киев мұндай шешімге дайын екенін мәлімдеп, осы аймақтардан әскерін нақты шығаруды бастағанда, сондай-ақ НАТО-ға кіру жоспарларынан бас тартқаны туралы ресми түрде хабарлағанда, біздің тарап бірден, дәл сол сәтте атысты тоқтатып, келіссөздерді бастайды», – деп мәлімдеген ол Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің жетекшілерімен кездесу кезінде.
Ресей президенті атысты сол сәтте тоқтатуға дайын екенін қайталап айтып, Мәскеудің қашан да бейбітшілікке ұмтылатынын жеткізген. Сондай-ақ келіссөз жүргізу шарттарын «қарапайым» деп бағалаған. Путин Киев бұл шарттарды орындауға келіскен жағдайда Украина әскерінің Донбасс пен Новороссиядан кедергісіз және қауіпсіз шығарылуына кепілдік берген. Путин бұл шарттар орындалса, соғыс қимылдары уақыша емес, түпкілікті тоқтайтынын айтқан.
«Қайталап айтамын, біздің принципті ұстанымымыз – Украинаның бейтарап, блоктарға қосылмаған әрі ядролық қарусыз, демилитаризацияланған әрі денацификацияланған болуы. Әлбетте, майдандағы жағдай Киев режимінің пайдасына шешілмейді. Ол кезде келіссөздерді бастау шарттары басқаша болады», – деп ескерткен президент.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина жеріне басып кірді. Соның алдында ғана Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы жікшіл Донецк пен Луганск республикаларын «тәуелсіз ел» деп мойындаған болатын. Артынша орыс әскері Донбасста әскери операция бастағанын мәлімдеді. Путин көрші елге жасалған агрессияны соғыс емес – демилитаризациялау үшін жасалған арнайы операция деп атады.