Жаңалықтар

АҚШ Өкілдер палатасының Сауда жөніндегі кіші комитеті Джексон-Вэник түзетуін жою мәселесін қарастыруда

АҚШ Өкілдер палатасы Джексон-Вэник түзетуін жою мәселесін қарастыруда / kursiv.media

Қазақстан 90 тауар позициясы бойынша АҚШ-қа шикізаттық емес экспортты 770,6 млн долларға дейін ұлғайтуға дайын. Бұл жайында Қазақстанның Сауда министрі Арман Шаққалиев АҚШ-тың сауда өкілі Кэтрин Тайменмен кездескенде мәлім болды.

Сауда министрі екі мемлекет арасындағы сауда қатынастарын шектейтін Джексон-Вэник түзетудің күшін жоюды ұсынды. 

АҚШ-тың «Сауда туралы» заңына «Джексон-Вэник түзетуі» ұғымы 1975 жылы енгізілген. Бұл – Кеңес одағы экономикасына қойылған шектеу. Осы бап нарықтық экономикадан тыс қалған мемлекеттермен сауда байланысын үзуді, технология тәжірбесін бөлісуге, мемлекеттік несие беруге тыйым салады.

Посткеңестік елдер әлі күнге осының зардабын тартуда. Бірақ Ресей мен Қырғызстан ширақ қимылдап, Джексон-Вэник түзетуін алып тастау жөнінде келісімге келген. Қазақстан мен АҚШ арасында шектеу алынып тасталынған жоқ. Бұған дейін бірнеше мәрте ұсынғанымен, АҚШ мақұлдай қойған жоқ.

2023 жылы АҚШ Конгресіне Қазақстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынасын орнатуға бағытталған заң жобасы ұсынылды. Құжатта «Джексон-Вэник» деп аталатын түзетуді жою қарастырылған.

Осы заң жобасын АҚШ Өкілдер палатасының 33 мүшесі қолдады.  Енді Өкілдер палатасының Сауда жөніндегі кіші комитеті сараптауда.

«Біз Джексон-Вэник түзетудің күшін жою жұмыстың тезірек оң нәтижесін береді деген үміттенеміз, бұл біздің елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуына жаңа серпін береді», – деп атап өтті Арман Шаққалиев.

АҚШ пен Қазақстан арасында тауар айналымы екі жылда екі еселенген. Бірақ сыртқы сауда Американың үлесі 5-ақ пайыз.

Сауда министрлігінің ақпараты бойынша 2023 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты сауда 33%-ға өсіп, 4 млрд доллардан асты. 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында тауар айналымы 1,4 млрд долларды құрады, бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 17,3%-ға жоғары ($1,2 млрд).