Швейцарияда Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылауға арналған халықаралық конференция басталды. Оған 100 мемлекет пен сегіз үкіметаралық ұйым өкілдері қатысады деп хабарлады Швейцария үкіметі.
Швейцарияның орталығындағы Бюргенсток курортында Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылауға арналған жаһандық бейбітшілік саммиті басталады. Жергілікті билік органдарының мәліметтері бойынша, 160 мемлекет шақырту алған, алайда 90-ы ғана қатысуға тіркелген.
«Бейбітшілік саммиті» аталатын бұл жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен 57 мемлекет және үкімет басшыларын қосқанда 100 делегация қатысады. Кездесудің басты мақсаты Украинаның «бейбітшілік формуласын» талқылауға арналған. Саммит барысында «бейбітшілік формулалары» – ядролық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және гуманитарлық өлшем бойынша жалпы отырыстар мен пікірталастар қамтылады деп күтілуде.
«Саммит Ресейдің бұл процеске қалай және қашан қосылуы мүмкін екенін алғаш рет жоғары деңгейде талқылау мүмкіндігін ұсынады. Федералды кеңес үшін ұзақ мерзімді шешімді әзірлеу екі жақтың да қатысуын талап етеді», – деп хабарлады Швейцария үкіметі.
Дегенмен бейбітшілік конференциясына Ресей Федерациясы шақырылған жоқ. Барлық қатысушыға Украинадағы әділ және тұрақты бейбітшілік туралы өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік беріледі.
Путин Украинамен соғсыты қандай жағдайда тоқтатады?
Күні кеше Ресей президенті Владимир Путин Украинамен келіссөз жүргізу шарттарын атады. Атыс тоқтауы үшін Украина НАТО мүшелігіне өтуден бас тартуы керек және Ресей окупациясындағы жерлерден әскерін алып кетуі керек екенін айтты.
Нақтырақ айтқанда, Украина әскерлері Донецк және Луганск халық республикаларының (Қазақстанда мойындалмаған) жерінен, Запорожье және Херсон облыстарының аумағынан шығарылуы керек. Осы шарттар орындалған жағдайда ғана Владимир Путин келіссөз жүргізуге дайын екенін жеткізді.
«Украин әскерлері Донецк және Луганск халық республикаларынан, Херсон және Запорожье облыстарынан толығымен шығарылуы керек және мына нәрсеге ерекше назар аударсаңыздар, бұл облыстардың Украинаға кірген кездегі бекітілген әкімшілік шекарасының аумағын түгел босату керек. Киев мұндай шешімге дайын екенін мәлімдеп, осы аймақтардан әскерін нақты шығаруды бастағанда, сондай-ақ НАТО-ға кіру жоспарларынан бас тартқаны туралы ресми түрде хабарлағанда, біздің тарап бірден, дәл сол сәтте атысты тоқтатып, келіссөздерді бастайды», – деп мәлімдеген ол Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің жетекшілерімен кездесу кезінде.
Ресей президенті атысты сол сәтте тоқтатуға дайын екенін қайталап айтып, Мәскеудің қашан да бейбітшілікке ұмтылатынын жеткізген. Сондай-ақ келіссөз жүргізу шарттарын «қарапайым» деп бағалаған. Путин Киев бұл шарттарды орындауға келіскен жағдайда Украина әскерінің Донбасс пен Новороссиядан кедергісіз және қауіпсіз шығарылуына кепілдік берген. Путин бұл шарттар орындалса, соғыс қимылдары уақыша емес, түпкілікті тоқтайтынын айтқан.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина жеріне басып кірді. Соның алдында ғана Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы жікшіл Донецк пен Луганск республикаларын «тәуелсіз ел» деп мойындаған болатын. Артынша орыс әскері Донбасста әскери операция бастағанын мәлімдеді. Путин көрші елге жасалған агрессияны соғыс емес – демилитаризациялау үшін жасалған арнайы операция деп атады