Starboard Value инвестициялық компаниясы америкалық өнеркәсіптік бағдарламалық құралдарды әзірлеуші Autodesk компаниясының шамамен 500 миллион долларға бағаланатын үлесін сатып алды деп хабарлайды The Wall Street Journal дереккөздерге сілтеме жасап. Енді жаңа акционер 2021 жылдан бастап акциялары үштен бір бөлікке арзандаған Autodesk компаниясынан басқарма құрамын өзгертіп, табыстылықты арттыруды талап етуде.
Толығырақ
WSJ дереккөздерінің мәліметінше, кейінгі апталарда Starboard өкілдері Autodesk басшыларымен кездесіп, компания қызметі мен корпоративтік басқаруға байланысты мәселелерді талқылаған. Бұл жайт акция бағасының арзандауына әкеп соқтырды. Мақалада айтылғандай, активист инвестициялық қор Autodesk-ке табыстылықты арттырып, басқарма құрамын өзгерту керек деген талап қойып отыр.
Сонымен қатар Starboard өкілдері Autodesk компаниясын негізгі қаржылық көрсеткіштерді бағалау тәртібіне қатысты ішкі тексеріс өткенін хабарламағаны үшін сынға алды. Autodesk наурыз айының соңында акционерлердің директорлар кеңесіне үміткерлер ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін аталмыш тексеріс туралы мәлімет жарияламаған деп хабарлады WSJ дереккөздері.
Starboard компаниясының Autodesk-тегі үлесті қашан сатып алғаны белгісіз. АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясына (SEC) 15 мамырда ұсынылған Starboard-тың портфельдік компаниялары тізімінде Autodesk жоқ болатын.
Акция жайы
Autodesk — құрылыс пен машина жасау саласына арналған бағдарламалық құралдардың әлемдегі ең ірі жеткізушісі. Autodesk-тің нарықтық құны шамамен 50 миллиард доллар. Компанияның капитализациясы 2021 жылдың тамызында ең жоғары деңгейге жетті. Содан бері оның акциялары отыз пайыздан астамға арзандады.
Биылғы сәуір айында компания жылдық есепті жариялауды, ішкі тексеріс жүріп жатқандықтан, кейінге қалдырған кезде, Autodesk акциялары бір апта ішінде 10%-ға арзандады. Бағдарламалық құрал әзірлейтін бұл компания бірінші сәуірде SEC-ке еркін ақша ағынын және түзетілген операциялық маржаны бағалау тәртібіне қатысты ішкі тексеру жүргенін хабарлаған. Жарты айдан кейін компания тексеру аяқталмағандықтан, есепті 15 күндік мерзім ішінде жариялай алмайтынын жеткізген.
31 мамырда Autodesk ішкі тексерудің аяқталғанын хабарлап, 10 маусымда жылдық есебін жариялады. Компания тексеру қорытындысы бойынша бұрын жарияланған есептілікті түзетпеу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Starboard Value туралы
Нью-Йорктің Starboard Value инвестициялық компаниясы әртүрлі салаға, әсіресе технологиялық секторға белсене инвестиция салады. 2022 жылдың соңында Starboard, активист инвестициялық компаниялардың бірі ретінде, америкалық бағдарламалық құрал әзірлеуші Salesforce компаниясын табыстылыққа көбірек көңіл бөлуге үндеген. 2023 жылдың ортасына қарай Salesforce акцияларының бағасы өскенде, Starboard сол акциялардың 20%-ын сатқан. Starboard-тың инвестициялық портфелінде шамамен 20 компания, соның ішінде GoDaddy және Wix.com компаниялары да бар. Жақында Starboard өкілі Outback Steakhouse бас компаниясының директорлар кеңесіне кірді деп атап өтті WSJ.