Research

Мамыр айында қазақстандықтардың тұтынушылық сенімі оптимистік күйде болды

Мамыр айындағы қазақстандық тұтынушылардың сенім индексі (ССІ) позитивті / shutterstock.com

Мамыр айындағы қазақстандық тұтынушылардың сенім индексі (ССІ) позитивті, яғни оң аймаққа қайта оралды. Естеріңізге сала кетсек, наурызда төмендей түскен ССІ көрсеткіші, сәуір айында бейтарап аймаққа қарай бет алған-ды. Халықтың инфляциялық күтулері нақты динамикадан төмен. Дегенмен ел іші азық-түліктің негізгі түрлері бойынша баға өсіп жатқанын жиі байқап, бір айдағы бағалардың өзгеруіне қатысты біршама пессимистік пікірге ден қойған. Айтқандай, қазақстандық тұтынушылардың кредиттік және депозиттік сенімі әрі қарай өсіп келеді. Бірақ сәуір айымен салыстырғанда ел халқын еңбек нарығындағы жағдай көбірек алаңдатып отыр.

Бүгінгі материалда біз отандық тұтынушылық сенім индексі бойынша жүргізілген 19-шы зерттеу толқынының нәтижелерін назарға ұсынамыз. Бұл зерттеуді Freedom Finance Global PLC компаниясы United Research Technologies Group әдістемесі бойынша 2022 жылдың қарашасынан бері ай сайын жүргізіп келеді.

Позитивті аймақ

Наурызда біршама құлдырап кеткен қазақстандықтардың тұтынушылық сенім индексі (пессимистік аймаққа қарай ығысу көрсеткіші : 95,1 тармаққа дейін) көктемнің қалған айларында оптимистік сипат алып, сәуірде бейтарап аймаққа қарай бет бұрды (99,4 тармаққа дейін). Ал мамырда 100,4 тармаққа дейін оптимистік аймаққа ығысты (өсу көрсеткіші тура 1 тармақ).

Мамыр айында ағымдағы жағдайды бағалау индексі 2 тармаққа өссе (82,7 тармаққа дейін), тұтынушылық күту индексі ептеп төмендей түсті (0,3 тармаққа, яғни 127,4 тармаққа дейін). Сондай-ақ мамырда субиндекстер де өсе түскені байқалды. Оның ішінде елеулі өсу көрсеткіші Қазақстанның экономикалық жағдайында орын алған өзгерістер индексі (4,3 тармаққа: 74,2 тармаққа дейін) мен ірі ауқымдағы сатып алулар үшін қолайлы жағдайлар индексіне (1,7 тармаққа: 72,3 тармаққа дейін) тән болды. Айта кету керек, соңғы зерттеулерде бұл екеуі ұстамды мәндер көрсетіп келеді.

Осылайша, 2024 жылдың көктемінде көрініс берген тұтынушылар сенімінің «көктемгі» маусымдық төмендеуінің әсері (2023 жылдың көктемінде байқалған) су тасқынына қатысты дағдарыс жағдайында да анық байқалды. Алайда маусым айына қарай бір деңгейге келіп, Қазақстандағы тұтынушылық сенімге оптимистік мәнге қайта оралуға мүмкіндік берді.

Оптимистер: ерлер мен жастар

Айтпақшы, ерлер мен әйелдердің тұтынушылық сенімі бір деңгейді көрсеткен сәуір айымен салыстырғанда (99,4 тармақ), мамырда ерлердің бойындағы тұтынушылық сенім көрсеткіші мейлінше белсенді түрде өскені байқалды (өсу көрсеткіші 1,3 тармақ, ал әйелдерде – 0,7 тармақ). Десек те, тұтынушылық сенім индексі ерлерде де (100,7 тармақ), әйелдерде де (100,1 тармақ) оптимистік аймақта орнықты.

Тұтынушылық сенім индексінің өсуі мамырда барлық жастағы тұтынушыларға тән болды. Дегенмен белсенді өсу көрсеткіші жастардың бойында (1,5 тармаққа: 115,7 тармаққа дейін) және ересек топтағы жастарда кеңінен байқалды (1,5 тармаққа: 100,7 тармаққа дейін). Сөйтіп 30-дан 44 жасқа дейінгі жастар жағы мамыр айында тұтынушылық сенімнің оң аймағына ене алды. Ал бұдан ересек жастағы қазақстандықтар әлі де болса пессимистік аймақта қалып отыр. Тіпті ағымдағы айда олардың көрсеткіші ептеп өскеніне қарамастан, осындай көрсеткіш болып отыр. 45–59 жас аралығындағы тұтынушылар тобының ССІ көрсеткіші 92,3 тармаққа келіп тірелді (өсу көрсеткіші 0,8 тармақ). 60 жасты алқымдаған тұтынушылар тобының көрсеткіші 91,9 тармақ (өсу көрсеткіші 0,3)

Оптимист қалалар

Өткен айдағы секілді қазір оң аймақта еліміздің сегіз өңірі бар. Мамырда тұтынушылық сенім аймағына Ақтөбе (100,4 тармақ: –4 тармақ), Атырау (108,7 тармақ: +9,1 тармақ), Қызылорда (111,4 тармақ: +6,8 тармақ), Маңғыстау (104,5 тармақ: –3,6 тармақ), Түркістан (107,3 тармақ: өзгеріссіз) облыстары мен елордамыз (106,5тармақ: +5,2 тармақ), Шымкент (102,9 тармақ:  –7 тармақ) және Алматы (100,8 тармақ: +1,9) қалалары орнықты.

Ал Жамбыл (99,8 тармақ: –3,9 тармақ), Батыс Қазақстан (97,6 тармақ: –3,9 тармақ) және Ұлытау (98,7 тармақ: –7,6 тармақ) облыстары мамыр айында, керісінше, тұтынушылық сенім деңгейі бойынша оң аймақтан пессимистік белдеуге қарай ығысты.

Сәйкесінше мамырда тұтынушылық сенім индексінің мейлінше жоғары деңгейі еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріндегі бірқатар облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда анық байқалды деп айта аламыз.

Катаклизмдер үрейлі емес

Айта кету керек, ұзақ уақыттан бері алғаш рет – өзін бір айдың ішінде ештеңе мазалай қоймағанын атап өткен қазақстандықтардың үлесі 1 пайыздық тармаққа, яғни 31,4%-ға дейін өсті. Бұл ақпан айындағы көрсеткішке ептеп болса да жақын (31,5%).

Алайда өзін қаржылық қиындықтар мен ақшаның жетіспеуі мазалап, қарыз және/немесе қарызды өтеу мүмкіндігі жоқ деп алаңдаушылардың үлесі 2 пайыздық тармаққа ұлғайып, 23,1%-ға дейін жеткен. Тұтынушыларды мазалаушы себептердің арасында сондай-ақ, денсаулыққа қатысты мәселелер, сырқаттар (1,4 п.т.: 10%-ға дейін), отбасылық-тұрмыстық мәселелер (0,7 п.т.: 8,6%-ға дейін) және жұмысқа, оқуға, бизнеске қатысты мәселелер (0,7 п. т.: 6,9%-ға дейін) де өсіп келеді.

Алдыңғы екі айда ел ішін барынша мазалаған табиғи апаттар мен табиғи құбылыстар болса біртіндеп сейіле бастаған, мамырда бұлардың үлесі сәйкесінше 7,4 пайыздық тармаққа (10-нан 3,6%-ға дейін) және 1,4 пайыздық тармаққа (5-тен 3,6%-ға дейін) азайған. Ал отандық тұтынушыларды былтыр қатты алаңдатып, мазалаған негізгі үш себептің бірі – инфляция мен бағалардың өсуі (5,5%) 2024 жылдың басынан бері біршама төмендеп, елді мазалаған топ-5 себеп қатарынан сытылып шықты.

Баяулаған инфляция…

ҚР Ұлттық статистикалық бюросы мәліметтеріне сай, 2023 жылдың қыркүйегінен бері елімізде жылдық инфляцияның баяулауы әрі қарай жалғасып, мамыр айында 8,5%-ды құрады (жылма жыл санағанда сәуірден бері (8,7%) 0,2%-ға баяулаған). Біздің зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың (55,1%: –1,2 п. т.) жартысынан астамы бұрынғымен салыстырғанда бағалар жылдамдап өсті деп есептейді және де бұл – 2022 жылдың қаңтарынан бергі (зерттеу басталғалы) ең төмен көрсеткіш. Сол сияқты, әрбір бесінші респондент (22,9%: +0,2 п.т.) бағалар бұрынғы жылдамдықпен өсіп жатыр деген пікірде. Ал әрбір оныншы респондент (11,4%: +1,5 п.т.) – өткен жылмен салыстырғанда бағалар баяу өсіп келеді деп есептейді.

Мамырда айлық инфляцияның баяулауы жалғасып, 0,4%-ды құрады (сәуірде – 0,6%, төмендеу көрсеткіші 0,2%). Тұтынушылар мамыр айында тауарлар мен қызметтердің бағасы қарқындап өскенін сирек байқағанымен (–3,7 п. т., 39,7%-ға дейін), бағалардың ұстамды негізде өсуін жиі байқаған (–2 пайыздық тармаққа, 33,2%-ға дейін). Әйтсе де қазақстандықтардың төрттен үші (73%) өткен айда бағалар айтарлықтай өсті деп отыр.

«Баға біртіндеп өсе бастайды-ау…»

Айта кету керек, жылдық инфляцияның күтілетін деңгейі бұған дейін белгіленген төмендеу үрдісін жалғастырып, 2024 жылдың мамырында 7,9%-ды құрады (сәуірде 8,4%). Бұл ҚР ҰСБ деректерінде 8,5% деп көрсетілген жылдық нақты инфляция деңгейінен төмен көрсеткіш.

Алдыңғы айдағы секілді тұтынушылардың инфляцияға қатысты күтулері инфляциялық процестердің нақты динамикасынан төмен шығып отыр. Күтілетін инфляция деңгейінің қабылданатын инфляцияға шаққандағы арақатынасы 0,91-ге дейін төмендеп кеткен.

Мамыр айында Астана мен Алматы тұрғындарының инфляциялық үдерістерді бағалау көрсеткіші республикалық орташа көрсеткішпен салыстырғанда ептеп оптимистік сипат алды. Сәйкесінше 0,92 және 0,97. Дегенмен жалпылай алғанда Қазақстан Республикасының тұрғындары «баға біртіндеп өсе бастайды-ау…» дегенге көбірек тоқталып отыр.

Алшақтық сақталуда

Тауарлар мен қызметтер бағасының соңғы айдағы өзгеруін бағалау барысында мамыр айында гендерлік алшақтық барынша анық байқалды. Ерлерге қарағанда (35,3%) әйелдер (43,7%) өткен айда баға қарқындап өсті дегенді жиірек айтқан. Бірақ бұл екі топ та мамырда бағаның өсуін мейлінше сирек байқаған (сәйкесінше –4 п.т. және –3,3 п. т.). Ал бағалардың өзгеруін жылдық тұрғыдан бағалауда әйелдер мамыр айында теріс бағаға көбірек сүйенген (+2,2 п.т., 61,3%-ға дейін), ерлердің арасында баға әдеттегіден тез өсті деп сенетіндер 48,3%-ға дейін төмен шыққан (–4,9 п.т.).

Бір айдағы баға динамикасына баға берген респонденттер ай қорытындысы бойынша төмен бағаға көбірек тоқталған (жас ерекшелігіне қарамастан). Алайда бағаның қарқындап өсуін мамырда жастар (–5,3 п.т.) және ең ересек жас тобындағы (–6.1 п.т.) тұтынушылар сирек атап өткен. Жыл бойына шаққанда бағаның жылдамдап өскенін мамыр айында жиі байқаған бірден-бір топ деп 30–44 жас аралығындағы қазақстандықтар (+3,5 п.т., 61%-ға дейін).

Ай қорытындысы бойынша бағаның күрт өсуін Абай (47,2%) және Ақмола (47,4%) облыстарының тұрғындары атап өтсе, жыл қорытындысы бойынша Ұлытау (69,2%) және Абай (66,8%) облыстарының тұрғындары тарапынан біршама ұстамды баға берілген.

Тұрақты көрсеткіштер

Зерттеу барысында анықталғандай, барынша қымбаттап кеткен тауарлар мен қызмет түрлері бойынша айтарлықтай өзгеріс байқала қоймаған. Олардың қатарына бұрынғысынша негізгі азық-түлік түрлері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері кіреді (9-орын). Қазақстандықтардың айтуынша, 2024 жылдың басынан бері бұлардың бағасы едәуір өскен.

Мамыр айында топ-10 қатарындағы тауарлар мен қызметтердің барлығы дерлік қымбаттай түскені байқалған. Бірақ бұлардың арасында ұн (–1,2 п.т., 21%-ға дейін) және жұмыртқа (–1,5 п.т., 17,3%-ға дейін) болған жоқ. Тұтынушылардың айтуынша, ағымдағы айда бағасы өсе түскен өнімдердің ішінде көкөніс, жеміс (+2,2 п.т., 31,9%-ға дейін), нан және нан өнімдері (+1,9 п.т., 31,9%-ға дейін), қант және тұз (+1,9 п.т., 22,6% дейін) бар.

Ал тұтынушылар бағаның өсуі ептеп байқалған тауарлар мен қызметтер қатарында: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері (+1,5 п.т., 16,3%-ға дейін), жарма және макарон өнімдері (+1,3 п.т., 21,8%-ға дейін), ет және құс еті (+1,1 п.т., 35,8%-ға дейі), сүт және сүт өнімдері (+0,9 п.т., 33%-ға дейін), өсімдік майы (+0,1 п.т., 16%-ға дейін) бар деп көрсетеді.

Олар сондай-ақ топ-10 қатарына кірмейтін тауарлардың арасында мейлінше қымбаттап кеткендері – ірімшік пен шұжық (+1,1 п.т., 11%-ға дейін) және темекі (+1 п.т., 8,1%-ға дейін) деп отыр. Ал тұрмыстық химия (–1 п.т., 7,3%-ға дейін) мен кондитерлік өнімдер (–1 п.т., 7,2%-ға дейін), керісінше, қатты қымбаттаған тауарлар қатарында сирек айтылған.

Тұрақты болжамдар

Тауарлар мен қызметтер бағасының келесі айдағы динамикасына қатысты болжамды баға мамыр айында біршама тұрақты деңгейден көрініп, баға қарқындап өседі деп күтетіндердің үлесі ептеп ұлғайған (+0,2 п. т., 16%-ға дейін). Бұл тұрғыда респонденттердің жартысына жуығы (48,5%-ы) алдағы айда баға айтарлықтай өседі деп күтетіндерін айтқан.

Жылдық  деңгейде алып қарағанда, биыл мамырда қазақстандық тұтынушылар тарапынан берілген болжамды бағалар тұрақтала түскен. 39,9%-ы бағаның өсуі былтырғы жылғы көрсеткішке сай болады (+3,8 п. т.) деп күтсе, бағаның қымбаттауы жылдамдап өседі дейтіндердің үлесі төмендеп келеді (–1,3 п. т., 19,2%-ға дейін). 

Болашаққа көңіл алаң…

Тауарлар мен қызметтер бағасының келесі айдағы өзгеруін бағалау барысында гендерлік алшақтық мамыр айында қайтадан ұлғая түскен (сәуірде біршама қысқарғанына қарамастан). Ерлермен салыстырғанда (–0,6 п. т, 15,1%-ға дейін) әйелдер баға қарқындап өседі деген пікірге жиі тоқталған (+1 п. т., 16,8%-ға дейін). Бұл үрдіс жылдық деңгейдегі бағалау болжамында да көрініс беруде. Бір жылдағы баға динамикасы бойынша ерлерге қарағанда (–3,1 п.т.) әйелдер (+0,3 п. т.) біршама сыни көзқараста.

Ал бір ай көлемінде баға қарқындап өседі деген пікірге жиі тоқталған респонденттер ересек топтағы жастар қатарынан (+2,6 п. т., – 18,6%), жылдық болжам арасында да бұл ең пессимистік топ ретінде танылып отыр (20,2%). Бұған тіпті бағаның мамырдағы көрсеткіші 1,2 пайыздық тармаққа төмендегені де ықпал етпеген.

Бір айда баға қарқындап өседі деген пікір Абай (29,5%), Батыс Қазақстан (24%) және Ұлытау (24,2%) облыстары тұрғындары тарапынан айтылған. Сол сияқты жылдық деңгейде бағаның қарқындап өсуіне Абай (25,6%), Батыс Қазақстан (33%), Қызылорда (28,7%) және Ұлытау (25,8%) облыстарының халқы алаңдаулы.

Валюта бағамына қатысты болжам

АҚШ долларына қатысты оптимистік бағалаулар бойынша ақпан және наурыз айларында белгіленген үрдіс мамыр айында әрі қарай жалғасты. Қазақстандықтар мамырда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы өсе түседі деген пікірге жиі тоқталған (сәйкесінше 0,7 п. т., 48,9%-ға дейін және 1,8 п.т., 29%-ға дейін). Бір айға қатысты айтар болсақ, мамырдағы бағалау көрсеткіші біршама тұрақты – доллар сол деңгейде қалады деп есептейтіндердің үлесі артып келеді (+0,9 п. т., 47,5%-ға дейін).

Бір жыл және бір ай деңгейінде алып қарағанда, доллардың өсу мүмкіндігіне мамыр айында ерлер жағы көбірек сенімді (51,7% және 30,6%). Оның ішінде жастардың «доллар өседі» деген болжамдары бір жылға қатысты алғанда едәуір төмендей түскен (–3,7 п. т.). Доллар алдағы он екі айда өсуі мүмкін деген болжамға Ақтөбе облысының тұрғындары (62,4%, +9,5 п. т), ал бір ай ішіндегі өсу мүмкіндігіне Маңғыстау облысының тұрғындары (39,1%, +6,2 п. т.) көбірек сенім артады. 

Еңбек нарығы алаңдатып отыр

Сәуір айында өсе түскен жұмыссыздықты күту индексі мамырда 2,8 тармаққа төмендеп (74-тен 71,2 тармаққа дейін), наурыз айындағы көрсеткішке қайта оралды. Яғни қазақстандықтар бұл тұрғыда айтарлықтай алаңдап отыр деуге негіз бар. Индекстің ауытқуы еңбек нарығында жұмыссыздар көбейеді (+0,7 п.т., 42%-ға дейін) немесе сол деңгейде қалады (+1,8 п.т., 34,5%-ға дейін) деп есептейтіндер үлесінің артуымен байланысты.

Жұмыс орнына қатысты алаңдаушылық сәуір айындағы секілді ерлердің арасында көбірек байқалған (42,3%, –1 п. т.). Бірақ дәл мамыр айында бұл тұрғыдағы алаңдаушылық әйелдер тарапынан да кеңінен көрініс берген (41,7%, +2,2 п. т.). Бұл тұрғыда зейнет алдындағы жасқа жетіп қалған қазақстандықтар (45–59 жастағы) ең пессимистік дейтін бағаларға тоқталса (46,1%, +1,7 п. т.), зейнеткерлер мамыр айында мейлінше пессимистік бағаларды жиі қолданған (+2,4 п. т., 41%-ға дейін). 

Өңірлік деңгейде жұмыссыздық мәселесі бойынша, әсіресе, Атырау (64,2%, +6 п. т.), Маңғыстау (51,9%, –4,8 п. т.) және Түркістан (59,4%, +4,3 п. т.) облыстарының тұрғындары біршама алаңдаулы. Ал Қызылорда облысы (17,6%) және Шымкент қаласының тұрғындары (17,7%) бір жылдың ішінде жұмыссыздар саны азая түседі деген пікірде.

Кредиттерді қайтару

Алдыңғы аймен салыстырғанда мамырда кредит алу жоспары бар респонденттердің үлесі қайтадан азая түскен (1,3 пайыздық тармаққа, 19,2%-ға дейін), негізінен ерлердің есебінен (–2,3 п. т., 20,2%-ға дейін). Ал кредит алу жоспарына әйелдердің берген бағасы біршама тұрақты (–0,5 п. т., 18,2%-ға дейін). Кредит алуды жоспарлап отырғандар үлесінің төмендеуі жастардың есебінен де орын алған. 18–29 жастағылар арасында бұлардың үлесі қайтадан 3,9 пайыздық тармаққа, яғни 21,9%-ға дейін, ал 30–44 жастағылар арасында 1,4 пайыздық тармаққа, яғни 23,6%-ға дейін азайған. Өңірлер аясында қарастырсақ, оңтүстік жұрты кредит алуды жиірек жоспарлауда, мысалға, Жетісу облысы (28,3%) мен Шымкент қаласының тұрғындары (28,5%). Ал Қостанай (10,6%) және Абай (11,3%) облыстарының халқы бұл тұрғыда аса белсенді емес.

Мамыр айында кредиттік сенім индексі ептеп болса да ұлғайған – 0,6 пайыздық тармаққа (36,4 тармаққа дейін): кредит алу үшін қазіргі жағдай қолайлы да емес, қолайсыз да емес деп есептейтіндер үлесінің артуы есебінен (+1,3 п. т., 26,5%-ға дейін). Дегенмен «кредит қаражатын алу үшін қазіргі жағдай қолайлы емес» дейтіндердің үлесі әлі де жоғары (47,7%, –1,5 п. т.). 

Гендерлік тұрғыда кредиттік сенім көрсеткішінің өсуін ерлер де (+0,6 тармақ, 35,4 тармаққа дейін), әйелдер де (+0,5 тармақ, 37,3 тармаққа дейін) көрсетіп отыр. Жас ерекшелігі бойынша алып қарағанда, мамыр айында жастар (+1,6 тармақ, 37,7 тармаққа дейін) мен зейнеткерлер (+2,6 тармақ, 36,5 тармаққа дейін) көрсеткіші жоғары шыққан. Ал 45–59 жастағы респонденттер тарапынан кредиттік сенім көрсеткіші төмендей түскені байқалған (–1,7 тармақ, 34,6 тармаққа дейін). Өңірлер аясында қарастырар болсақ, кредиттік сенім бойынша мейлінше жоғары деңгей астаналықтарға (41,1 тармақ) және Түркістан облысы тұрғындарына (41 тармақ) тән, ең төменгі көрсеткіш –Абай (32,9 тармақ) және Ұлытау (31,4 пункта) облыстары тұрғындары тарапынан байқалған. 

Депозиттік сенім көрсеткіші

Мамыр айында депозиттік сенім көрсеткіші де бар болғаны 0,2 тармаққа, яғни 54,6 тармаққа дейін ғана өскен, оның өзінде жинақтау әдеттеріне берілген оптимистік (0,3 пайыздық тармаққа) және ұстамды (1,6 пайыздық тармаққа) бағалардың өсуі негізінде. Айта кету керек, қазақстандықтардың үштен бірінен сәл астамы (34,4%, +0,3 п.т.) қазір депозиттік құралдарға жүгініп, жинақтау үшін қолайлы уақыт деп есептейді.

Депозиттік сенім динамикасы аясында өсу көрсеткіші ерлер трапынан да (+0,2 тармақ, 53,7 тармаққа дейін), әйелдер тарапынан да (+0,2 тармақ, 55,5 тармаққа дейін) байқалып отыр. Ал жас ерекшеліктері бойынша жастар (+1,8 тармақ, 61,9 тармаққа дейін) мен 45–59 жастағылардың (+0,7 тармақ, 52 тармаққа дейін) көрсеткіштері жоғары. Мамырда ең жоғары депозиттік сенім Атырау облысының тұрғындары (60,9 тармақ, –1 тармақ) мен астаналықтарға (59,5 тармақ, +4,6 тармақ) тән болса, ең төмен көрсеткіш – Абай (47,6 тармақ) және Батыс Қазақстан (48,6 тармақ) халқы тарапынан байқалған. 

Сап, сап көңілім…

Біздің сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысынан астамы (53,9%, +1,4 п. т.) мамыр айында өздерін біршама жайбарақат сезінгендерін айтып өтті. Олар сауалнама барысында бұл негізінен сабырлы күйдің арқасында (+2,4 п. т.) деп көрсетті.

Мамырда өздерін «беймаза сезіндік» деп есептейтіндердің үлесі қысқара түсті (– 2 п.т.).

Әдеттегідей әйелдер жағы көбірек алаңдаулы (43,9%, ерлерде – 36,5%). Дегенмен ерлермен салыстырғанда (– 1,7 п.т.), мамырда әйелдердің ала көңіліндегі алаң біршама азая түскені байқалған (– 2,3 п.т.).

Жас ерекшеліктері бойынша қарағанда, көбірек алаңдайтын топ деп 45–59 жастағы респонденттерді айтуға болады – олардың жартысына жуығы (45%, – 3,4 п.т.) қобалжып жүргендерін ашып айтқан. Мамырда Атырау облысы тұрғындарының көңілі көбірек алаңдаулы болыпты (50,8%), ал Жетісу облысының халқы анағұрлым жайбарақат болған (31,5%).

Мамыр айында  «стреске ұшыраған жоқпын» деген респонденттердің үлесі азая түскен (–2,3 п. т.), бірақ әрбір екінші респондент сәуір айы өзі үшін күйзеліс кезеңі болғанын айтып өткен (43,2%). Алайда қазақстандықтардың жартысынан астамы (55,1%) айына кем дегенде 1–2 рет стреске ұшыраған, оның ішінде аптасына бірнеше рет күйзеліс жағдайына тап болған респонденттердің үлесі ұлғая түскен (+1,9 п.т., 11,7%-ға дейін). 

Гендерлік тұрғыда жағдай қайтадан тұрақталып келеді. Сәуірде ерлердің арасында көбірек байқалған күн сайынғы күйзеліс жағдайы мамырда 2,9 пайыздық тармаққа, яғни 8,6%-ға дейін төмендей түскен. Ал әйелдер болса күйзеліс жағдайымен күн сайын деуге болатын деңгейде бетпе-бет келетіндерін жиі айтқан (+1,4 п. т., 11,5%-ға дейін). Жас ерекшелігі бойынша қарастырғанда, респонденттердің арасында стреске көбірек ұшырайтын топтың бірі 30–40 жастағылар (61,8%, +3,6 п. т.) мен 18–29 жас аралығындағы жастар (61,1%, +4,9 п. т.). Өңірлік деңгейде – стресс жағдайымен кездесу жиілігі бойынша республикалық маңызы бар қалалардың тұрғындары көш басында: Алматы (62,6%), Астана (61,1%) және Шымкент (64,2%). Ал стреске сирек ұшырайтын тұрғындар Павлодар облысында тұрып жатса керек (46,3%). 

Оптимистер қайта бой түзеді

Наурызда күрт құлдырап, сәуір айында бейтарап аймаққа көшкен тұтынушылық сенім индексі 2024 жылдың мамырында оптимистік аймаққа қайта оралды – бұл Қазақстан Республикасындағы экономикалық жағдайдың өзгеру индексі секілді субиндекстердің өсуі мен ірі сатып алулар үшін қолайлы жағдай индексінің қалыптасуы арқасында мүмкін болды.

Сол сияқты, биыл көктемде оң аймақтан шығып қалған тұтынушылық оптимзм ағымдағы айда республикалық маңызы бар қалаларға қайта оралды (Шымкенттен өзге). Тұтынушылық сенім индексінің оң аймағына – бұған дейін бейтарап аймақта болған ересек топтағы жастар да келіп қосылды.

Мамыр айында қазақстандықтар бағалардың күрт өсуі аса байқала қойған жоқ деп көрсетті (бір ай және бір жыл деңгейінде қарастырғанда). Дегенмен, бір айға шаққандағы болжамды бағалар біршама пессимистік сипатта қалыптасып отыр, ал бір жылда күтілетін бағалардың өсуі мейлінше ұстамды бағаларға қарай тұрақтала түскен. Бұл тұрғыда бағасы өсуі ықтимал дейтін тауарлар мен қызметтер қатарындағы топ-10 өнімнің барлығында дерлік ептеп қымбаттау байқалған.

Кредит алу жоспары бар қазақстандықтардың саны азая түскен, бірақ еңбек нарығындағы жағдайға қатысты алаңдаушылыққа қарамастан, кредитке және депозитке деген сенім тұтынушылар тарапынан өсіп келеді. Бұл – ел экономикасының тұрақты жағдайын көрсетсе керек.

Айтқандай, мамыр айында қазақстандықтардың алаңдаушылық деңгейі жалпылай алғанда төмендей түсті деуге әбден болады. Қалай дегенмен, инфляция және табиғи құбылыстар/апаттар алаңдаушылық туғызатын себептер ретінде әлдеқайда сирек айтыла бастды. Десек те ҚР тұрғындары ағымдағы айда стреске көбірек ұшырай бастағандарын алға тартуда…