Жүйе, Сёгун және Рипли: 2024 жылғы үздік 10 телешоу

Жарияланды 17 Маусым 2024 15:42

(жаңартылды 26 Маусым 2024 10:36)
post.authors.0.name

Светлана Ғалымжанқызы

2024 жылғы үздік 10 телешоу / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

ВВС арнасы биылғы үздік телешоулар тізімін дайындапты. Тізімде қорқынышты жапон эпопеясынан бастап Netflix драмасы, танымал видео ойын адаптациясы да бар. Сонымен Британия теле-радио кешенінің ондығына назар салайық. 

1. Нағыз детектив: Түнгі мемлекет

HBO / бильд-редактор: Аружан Махсотова

Аляскадағы кішкентай қалаға полиция басшысы болып жұмысқа барған Джоди Фостер түрлі кісі өліміне қатысты істі тергеуге алады. Ол барған шақ қаладағы екі апталық күн шықпайтын кезеңге тұс келеді. Шоу түнгі блюзде түсірілген, сонысымен де салқындықты, жоғары технологияларды қолданатын ғалымдар мен тылсымға сенетін тұрғындардың біте қайнасқан өмірін жақсырақ сезінуге мүмкіндік береді. Шоудың алғашқы түпнұсқасы 2014 жылы жарық көрген. Шоу режиссері және сценарисі Исса Лопес франшизаға жаңа дем беріп, оқиға желісін қызығырақ еткен. 

2. Сёгун

Fox / бильд-редактор: Аружан Махсотова

2019 жылы «Тақтар таласы» аяқтала салысымен көрермендер оның орнын басар шоу іздей бастады. Бірі Amazon-ның «Жүзіктер әміршісі» спин-оффы туралы айтса, екіншісі HBO-ның «Тақтар таласына» приквелі «Айдаһарлар үйін» ұсынды. Дегенмен жоғарыдағы туындының орнын басатын туынды арада 5 жыл өткеннен кейін жарыққа шықты. Ешқандай фантазия қосылмаған, керісінше XVII ғасырдағы Жапония тарихына негізделген тарихи драма «Тақтар таласындағы» суық түсінікті, эпикалық визуал эффектілерді, саяси таласқа деген шын қызығушылықты көрсете алды. 

Джейм Клавельдің тарихи романы желісінде түсірілген хикая Джон Блэкторн (Космо Джарвис сомдаған) есімді британиялық теңізші атынан баяндалады. Теңізші Жапония тарапында кеме апатына ұшырап, адасып қалады да, елдегі басқарушы кеңестің билікке таласына еріксіз тартылады. Одан әрі шоудан мінсіз режиссура, актерлік шеберлік пен таласқа тән жауыздық көре аласыз. Актерлік құрамға сөз жоқ: кеңес мүшесін сомдаған Хироюки Санададан бастап Блэкторнның аудармашысын ойнаған Анна Савай бар. Әуелінде шектеулі көрерменге деп жоспарланған хикаяның көптің көңілінен шыққаны сонша FX тағы екі маусымын түсіретінін хабарлады. Олар да өздері белгілеп берген стандартқа сай болады деп сенеміз. 

3. Бұғышақ 

Netflix / бильд-редактор: Аружан Махсотова

Netflx ұсынған Ричард Гәдтің автобиографиялық қорқынышты оқиғалары. Қорқынышты оқиға кімге ұнар дейсіз, бірақ ешкім күтпесе де, биылдың жиі талқыланған шоуларының біріне айналды. Гәдд туындысы Донни Данн есімді әзілкеш туралы. Бас кейіпкердің Марта есімді сүйіктісі бар. Жас қыз Донни жұмыс істейтін барға барып, екеуінің махаббаты туралы қиялға беріледі. Қиялмен шектеліп қалмай, электрон хаттар жолдап, кейіпкер өмірін күл-талқан етеді. Джессика Ганниңнің шеберлігіне сөз жоқ, өйткені Мартаны бір мезетте аянышты әрі қорқынышты етіп көрсете алған. Донни қызметте жәрдем етемін деп сөз берген продюсері тарапынан зорлық көреді. Шоу ұрыссыз болмады. Көрермендер ғаламтордан Фиона Харви есімді қызды тауып, Мартаға ұқсастығын, тіпті кей фактілердің де дәл келетінін байқап, жазбалар жариялайды. Мұны байқаған Фиона Харви Netflix-ті жеке ақпаратқа қол сұққаны үшін сотқа беретінін хабарлады. Бұл жайтты елемесек, көпшілік «Бұғышақты» нағыз өнер туындысы деп атады. 

4. Салдар 

Amazon Prime Video / бильд-редактор: Аружан Махсотова

Былтыр НВО «Арамыздағы соңғы кісі» деп аталатын хикая түсіріп, видео ойындардың сапасыз адаптацияларына нүкте қойған еді. Дегенмен апокалипсистен кейінгі өмір бейнеленген тағы бір видео ойынның экранизацияланған нұсқасы бұған дейінгілерін де басып озғандай. «Салдарда» ядролық соғыстан кейін қаңырап қалған әлемді көрсетеді. Аман қалған адамдар жылтыраған жерасты қоймаларында жан баққан. Британиялық актриса Элла Пурнелл 33-Пананың көріпкел тұрғынының рөлін ойнайды. Ол жер бетіне шығып, ұрлап әкетілген әкесін құтқарып, миссиясын орындауы керек. Келешектің Жабайы батысында басбұзар әскермен конфликтіге түседі. Лиза Джой, Джонатан Нолан түсірген бұл фильм видео ойынға да ұқсап, бір жағынан өзіндік ерекше сюжетімен таңғалдырады. 

5. Рипли

Netflix / бильд-редактор: Аружан Махсотова

Патришия Хайсмиттің «Талантты мистер Рипли» романы желісімен түсірілген хикаяда алаяқ Том Риплиді жандандырған Эндрю Скотт көрерменді тәнті етті. Ақ-қара түсті драманы «Оскар» иеленген оператор Роберт Элсвит түсірген. Фильм 1960-шы жылдардағы Неаполь мен Рим туралы. Рипли Нью-Йорктағы қатардағы алаяқтан Еуропадағы арманындағы өміріне дейін «өседі». Бай досы Дикки Гринлиф (Джонни Флинн) болып жүргенінде Скоттың кез келген эмоциясы шындықты әшкерелеуі мүмкін. Көрермен оқиға желісінен бөлек визуал эффектілерді, Стивен Зейллианның сценарийін мақтайды. 

6. Бір күн 

Netflix / бильд-редактор: Аружан Махсотова

Көрермендердің пікірінше, бірде бір шоу осынша эмоция шақырмаған. Британдық Дэвид Николлстың романы желісінде түсірілген шоу Декстер мен Эмма атты екі достың қатынасы туралы. Университет шағынан бастап екі дос 20 жыл бойы жыл сайын 15 шілдеде кездесіп тұрады. Хикая көрермендерді 1980 жылдан бері қарай ностальгиялық саяхатқа шақырады. Фильм саундтректері әр кезеңде танымал болған поп әндерден құралған. Фильм авторлары әндерді жақсылап таңдағаны көрініп тұр. Дегенмен фильмнің әсерлі шығуы – қос актердің шеберлігінде. Жасыңызды сүртуге орамалыңызды дайындап көруге кеңес береміз. 

7. Спейд мырза

AMC / бильд-редактор: Аружан Махсотова

Тыңшы Сэм Спейд рөліндегі Клайв Оуен 1940-шы жылдардағы Сан-Францискодан 1960-шы жылдардағы Францияның кішігірім қаласына тап болады. Оқиға шытырманға, динамикаға толы, махаббат хикаясы да жоқ емес. Бас кейіпкердің француз тілін үйренуі де қызық. Әлбетте, туындыны тартымды ете түскені – бас кейіпкер шешімін табуға тырысатын қылмыстар. Режиссер Скотт Фрэнк шоуды қызық әрі тартысты ете алған. 

8. Мистер Бейтс поштаға қарсы

ITV / бильд-редактор: Аружан Махсотова

Телешоулардың үкімет бизнесіне елеулі әсер ететіні сирек кездеседі. Бірақ жыл басында шыққан пошта бөлімшесіндегі келеңсіздік туралы британдық мини сериал мақсатына жетіп, әсер ете алды. Бұл кикілжіңге 700-ден астам пошта бөлімшесінің басшылары қатысқан. Онда компьютер жүйесінің қателігі салдарынан туған жалған есеп, жымқыру мен алаяқтық сөз болады. 

Туынды Ұлыбританияда қаңтар айында көрерменге жол тартқанда резонанс тудырып, мемлекет премьер-министрі Риши Сунак жапа шеккендерге өтемақы төлеу үшін тез арада жаңа заң қабылдайтынын мәлімдеген-ді. Гвинет Хьюздің төрт сериядан тұратын драмасы жапа шеккендердің адами оқиғасын баяндайды. Бас кейіпкерлердің бірі Алан Бейтс (Тоби Джонс) пошта басшыларының жетекшісі атанып, шындық үшін күрес жүргізіп, адам аямайтын бюрократияға қарсы тұрады. Шоу әсері деректі фильмдер қанша жерден құнды болса да драма оқиғаны мәдени санаға оңай сіңіре алатынын дәлелдеп бергендей. Ендігі жерде Бейтс мырза басқа да үлкен телекомпанияларға институционалды жанжалдармен күресуге әсер ете ме деген сұрақ туындайды. 

9. Жүйе 

HBO / бильд-редактор: Аружан Махсотова

Саяси комедияда Елена Вернэм рөлін сомдаған Кейт Уинслет әдеттегідей мінсіз. Елена Вернэм – Орталық Еуропадағы ойдан шығарылған мемлекеттің диктатор басшысы. Бір жағынан Елена жаңа жылдық жолдауында ән айтып, тұрғындарды «сүйікті халқым» деп атайды. Дегенмен осы «сүйкімді» популист масканың артында билігін сақтап қалу үшін аяусыз шешім қабылдайтын, көрші елге шабуыл жасап, саяси бәсекелестерін түрмеге тоғытқан диктатор отыр. Актерлер таңдауы жақсы шыққан деседі. Телешоуда Матиас Шонартс социопат солдатты ойнаса, қорқақ уәзір рөлін Андреа Райзборо сомдайды. Хью Грант канцлерді ойнайды, көп ұзамай Елена оны да алып тастайды. «Жүйе» көбіне абсудрқа келеді, дегенмен әлемдегі саяси жағдайдың айнасы іспеттес.

10. 3 дене мәселесі  

Netflix / бильд-редактор: Аружан Махсотова

Романға негізделген ғылыми-фантастикалық шоу ажиотаж тудырып, «Тақтар таласы» авторлары Дэвид Бениофф пен Д.Б.Уейстің келесі жобасына айналды. Негізгі мақсат басқа болса да, интеллекті мен шығармашылық амбициясы үшін көпшілік қол шапалақтады. Қытай романы желімінде түсірілген телешоуда ғалым достар хикаясы баяндалады. Олар қоғамдағы өз-өзіне қол жұмсау толқынының себебін анықтағысы келіп, қытай мәдени революциясы, жұмбақ виртуал шындықты зерделейді. Netflix екінші және үшінші маусым түсіретінін хабарлаған. 

Сондай-ақ оқыңыз