Жаңалықтар

Starlink-тен басқа да шешімдер бар: Цифрлық даму министрі Илон Масктың интернеті Қазақстанда жаппай қолданысқа енгізіледі деуге әлі ерте деп тұжырымдайды

Starlink терминалын
Starlink-тен басқа, OneWeb сияқты басқа шешімдер бар / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда Starlink интернеті жаппай қолданысқа енгізіледі деп айтуға ерте. Әзірге Цифрлық даму министрлігі SpaceX компаниясымен өз инфрақұрылымын Starlink технологиясымен біріктіру бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Сонымен қатар OneWeb Қазақстанда шлюз станцияларын құрумен айналысады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Министр Мәдиев интернет нарығы бәсекеге қабілетті болуы керек деп тұжырымдайды. Десе де «осы технологиялық шешімдерді енгізуге деген ұмтылыс пен ұлттық қауіпсіздік» арасында тепе-теңдік сақталуы керек екенін атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, Starlink-тен басқа, OneWeb сияқты басқа шешімдер бар. Менің ойымша, олар 2025 жылдың басында өз қызметін коммерциялық негізде ұсына алады. Сондықтан бұл нарық бәсекеге қабілетті болуы керек деп ойлаймын.Бірақ осы технологиялық шешімдерді енгізуге деген ұмтылыс пен ұлттық қауіпсіздік арасында теңгерім болуы керек», – деді министр.

Жыл соңына дейін Қазақстанда тағы 2 мыңға жуық мектеп Starlink интернет желісіне қосылмақ.

«Жыл соңына дейін біз 2000-ға жуық мектепке Starlink терминалын алуды жоспарлап отырмыз», – деді Мәдиев.

Ал жеке тұлғалар үшін Starlink қанша тұратыны жайлы сөз қозғауға ерте екенін айтты. Мектептер осы интернет үшін ай сайын 140 мың теңге төлейді. Қолданылатын құрал-жабдықтар құны – 2,5 мың доллар.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Starlink интернетін тек ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткенде ғана ел бойынша пайдалану мүмкін болатынын жеткізген еді.

Бұрынғы министр Бағдат Мусин Илон Масктің SpaceX компаниясы Қазақстанның екі мыңға жуық ауылының мектептерін интернетпен қамтамасыз ететінін айқан болатын. Сол кезде нтернет байланысының әр нүктесіне 200 доллар көлемінде қаражат жұмсау көзделіп отыр деген. Ол еліміздің операторлары ауылға интернет жеткізуге келіспеген соң, амалсыздан SpaceX-ке жүгінгенін мәлімдеді.

Жақында министрлік су басқан өңірлерді интернетпен қамту үшін 48 Starlink терминалын жіберді.

Starlink деген не?

Америкалық SpaceX компаниясының Starlink жаһандық спутниктік желісін 2019 жылы орбитаға шығарды. Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша Starlink жазылушыларының саны 2 миллионға жеткен.

Компания иесі Илон Маск өзінің Starlink спутниктік желілері 4 жылдан соң шығынсыз жұмыс істей бастағанын хабарлады.

Кәсіпкер қазіргі уақытта орбитада жүрген белсенді спутниктердің көбісі Starlink-ке тиесілі екенін айтты. Сонымен бірге жерден алдағы уақытта ұшырылатын спутниктердің көбісін осы SpaceX орбитаға жібереді.

Starlink желісі 5G стандартына сәйкес келетін, секундына 1 гигабит трафик жылдамдығымен ғаламшардың кез келген нүктесінен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған. Қазіргі уақытта Жердің төмен орбитасында (Жер бетінен 550 км-ге дейін) 5 мыңнан астам осындай құрылғылар бар. Бұл барлық белсенді жерсеріктердің жалпы санының жартысын құрайды. Әрбір құрылғы үш жарым жыл жұмыс істеуге арналған.