Жаңалықтар

Әйелін ұрған Атырау облысындағы экс-әкімнің бас бостандығы 2 жылға шектелді

Экс-әкім материалдық тұрғыдан әйелінің өзіне тәуелді екенін пайдаланып жанжал шығарған / kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Атырау облысы ауданының бұрынғы әкіміне 2 жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындалды

Атырау қалалық соты өңірдің Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовке қатысты қылмыстық істі қарады. Сот оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындады.

Сотта Ринат Ибрагимовтің материалдық тұрғыдан әйелінің өзіне тәуелді екенін пайдаланып жанжал шығарып, соққыға жыққаны дәлелденді. Осының салдарынан жәбірленушінің 5-ші омыртқасы сынып, орташа ауырлықтағы жарақат алған.

«Бұл қылмыс заң бойынша орташа ауырлық дәрежесіне жатқызылады. Сот жаза түрін таңдау кезінде Ибрагимовтың бұрын сотталмағанын, мінезі оң сипатталғанын ескерді. Сот үкімімен 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – деп жазылған сот таратқан баспасөз  хабарламасында.

Сондай-ақ жәбірленушінің 20 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, Ринат Ибрагимов бұрынғы әйелі Ақмарал Умбеткалиеваның пайдасына 2 млн теңге моральдық зиянды өтейтін болды.

Еске салар болсақ, Ақмарал Умбеткалиева бұрынғы күйеуі, Атырау облысы Мақат ауданының әкімі, Олимпиада ойындарының бұрынғы қатысушысы Ринат Ибрагимовтің азаптағанын айтқан. Ол бұл туралы Instagram парақшасында видео хабарлама жариялаған. Әйелдің айтуынша, Ибрагимов оны 11 жыл бойы ұрып-соғып, балаларын алып кеткен.

Сондай-ақ әйеліне қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен қазақстандық дипломат Сәкен Мамаштың үстінен қылмыстық іс қозғалды.