Жаңа Салық кодексі жобасы салық жеңілдіктерінің қысқаруына, соның ішінде KASE және AIX биржалары үшін де жеңілдіктің қысқаруын және ҚР резиденттері үшін бағалы қағаздар мен дивидендтердің өсуіне 5%-дық салық енгізуді қарастырады.
АХҚО үшін жеңілдіктерді алып тастау жайлы ұсыныс, әсіресе, нарық қатысушыларын таңғалдырып отыр. Өйткені «Астана» халықаралық қаржы орталығы» туралы Конституциялық заңы бойынша жеке және заңды тұлғалар АХҚО қатысушы-компанияларының акциялары мен дивидендтерін сату кезінде құн өсімінен түсетін табысқа ЖТС мен КТС салығын төлеуден босатылады. Заңның бұл нормасы 2066 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылу керек.
Жеңілдіктерді алып тастау конституциялық заңға өзгеріс енгізуді қажет етеді. Сондай-ақ мұндай қадам шетелдік инвесторларды Қазақстанның инвестициялық климатының тұрақтылығы жайлы ойландырары хақ. QAMS қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаев Ұлттық экономика министрлігінің мұндай бастамасы тек бастама ретінде қалуы керек деп санайды. «Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексінің жобасына тұжырымдамалық тәсілдер ұсынды. Бұл әлі заң жобасының түпкілікті нысаны емес»,– деп үміттенеді ол.
АХҚО-да тіркелген инвестициялық қорлардың өкілдері ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 5%-дық салық туралы бастамасы инвестқорлардың инвестициялық табысына да қатысты болуы мүмкін деп топшылайды. Ал инвесткомпаниялардың жұмысы инвесторлар алдындағы инвестициялық міндеттен тұрады.
«Қордың қызмет ету мерзімі шамамен он жылды құрайды және біз үшін нақты ойын ережелері, оның ішінде салық саясаты бойынша ережелер өте маңызды. Инвесторлар үшін белгілі бір қорлардан қандай инвестициялық табыс болатынына кепілдік беру мүмкін емес», – деп түсіндірді Khan Tengri Capital ЖШС басшысы Асқар Каримуллин.
Инвестициялық қорларға салық салу бюджеттің кірісін соншалықты ұлғайтпайды, бірақ бұл қаржы орталығының беделіне қатты әсер етеді.
Салық саясатын өзгерту елге келетін капитал ағынының басқа халықаралық қаржы орталықтарына кетуіне әкеледі деп болжайды АХҚО инвестициялық қорларының өкілдері. АХҚО қор менеджерлері Ұлттық экономика министрлігіне қолданыстағы салық режимін сақтауды сұрап үндеу жолдаған.