Сенаттың пленарлық отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл ретте жоғарғы палата төрағасы Мәулен Әшімбаев саладағы өрескел заң бұзушылықтар туралы айтты.
«Статистикалық деректерді сараптау аясында еліміздегі жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтардың 80%-ы мемлекеттік сатып алумен байланысты екенін көріп отырмыз. Осыған байланысты мұндай құқық бұзушылықты азайту үшін мониторинг жүйесі, бақылау жүйесі қажет, ол фактіден кейін емес, алдын ала жұмыс істейтін болады. Егер депутаттар қолдап жатса, онда бұл Заң сондай жүйені құруға септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, бұл жүйе қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін маңызды. Атап айтқанда мемлекеттік сатып алудағы елде өндірілген өнімдер үлесін арттыруға ықпал етеді. Статистика бойынша, Мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесі 50% -ды құрайды.
«Кейбір кәсіпкерлер қазақстандық өнім деп, өзге елден өндірілген өнімнің мұқабасын өзгертіп әкеліп жатады. Сол арқылы тендерге қатысып, төмен баға көрсеткіштері үшін депинг арқылы ұтады. Егер заң қабылданса, мемлекеттік органдар өз өнімдерін өндіретін, жұмыс орындарын қамтамасыз ететін, салық төлейтін нақты қазақстандық өндірушілерді қолдау бойынша тиісті жұмыс істейді деп үміттенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Еске сала кетсек, жыл басында аталған салаға өзгерістер енгізілетіні белгілі болды. Тендердердің конкурстық жүйесі автоматтандырылып, комиссия құрылмайтын болады. Осылайша алдын ала келісім жасау мен конкурс нәтижесіне шағымдану мүмкіндігі болмайды.
Былтыр Мәжілістің комиссия отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасының таныстырылымы өтті. Жиын барысында депутаттар оны сынға алды.
Сонымен бірге жаңа заңға сәйкес конкурсты өткізу мерзімін 1 айға қысқарту ұсынылады. Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес ол шамамен екі айды құрайды. Заң шеңберінде шарттық міндеттемелерін орындамаған өнім берушілермен шарт бұзылған жағдайда, екінші мердігермен шарт жасасып, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беру тетігі де қарастырылуда.