Qazaq Air әуе компаниясы 20 маусымда Алакөлге қосымша рейстер ашады. Туристік бағыт ретінде Астана – Үшарал – Астана және Алматы – Үшарал – Алматы маршруты ұсынылады. Ұшақтар аптасына төрт мәрте қатынамақ.
Алакөл – Қазақстандағы шипалы көлдердің бірі. Көлемі жағынан Балқаштан кейін екінші орында. Оның тереңдігі 75 метрге дейін барады. Көлге 15-тен астам өзен құяды. Туристік нысан ретінде кеңінен танымал.
Алакөлге қатынайтын әуе рейстері субсидиясыз қалған
Қазақстанда туристік инфрақұрылымдардың дамымай жатқанын айтып, Президент салалық министрліктер мен әкімдіктерді сынады. Нашар логистикалық байланыс ішкі туризмге ғана емес, шетелдік қонақтардың да келуіне кедергі болуда.
Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдерінен келеді. Бірақ алыстағы мемлекеттерден іздеп келетіндер аз. Тоқаев әуе қатынасын дамыту тығырықтан шығатын жолдың бірі деп есептейді.
– Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін, – дейді Президент.
Тоқаев танымал әуе бағыттары бойынша лоукестер санын арттыру керек деп санайды.
– Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукостерлердің үлесі – небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды. Сонымен қатар бизнес әуе тасымалы нарығында ұдайы өзгерістерге тап болып отыр. Тіпті оған бейімделіп үлгермейді. «Атамекен» палатасының мәліметі бойынша биыл Алакөл бағытындағы әуе рейстері субсидиясыз қалды. Бұл туралы туристік операторлар маусым басталар алдында ғана білді, – деді сынады Президент.
Тоқаевтың ескертуінен Үкімет сабақ ала бастаған сыңайлы. Көп ұзамай Qazaq Air әуе компаниясы Алакөлге рейстер ашылатынын хабарлады.
Туристік нысандардың жарнамасы кемшін
Сала мамандары ыстық аймақта тұратын шетелдіктерді тарту оңай емес екенін айтады. Limon Travel туроператорының директоры Алмас Маратұлы Қазақстанды жарнамалау үшін «Қазақтуризм» ұлттық компаниясына бөлінетін 1,5 миллиард теңге өте аз деп есептейді. Оның пікірі бойынша шетелдік туристерді көптеп тартып, ішкі туризмді жандандыру үшін Өзбекстан, Қырғызстан мен Әзербайжан сияқты ақшаны аямай құю керек.
Ол Түркістан облысы туризм саласына өте көп қаржы жұмсайтынын атап өткен. Түркістан жаққа қарай ұшақ бағытын көптеп ашып жатыр. Абу-Даби, Самарқандпен Түркістанды байланыстыратын лоукостерлер іске қосылды. Солай бола тұра қаржының тиімді жұмсалуын зерттеу керек. Шаһарды туристер бір күнде аралай алады. Бірақ Самарқанд, Бұқара туристік маршруттарға өте бай жерлер. Оларды аралауға екі-үш күн уақыт керек.
«Бізге Еуропа елдерінен Алакөлдің суына түсуге келетін туристер аз. Сондықтан шетелдіктер көп келсін десек, акцентті экотуризмге қою керек. Біз Үндістаннан, Қытайдан туристерді көптеп тарту үшін экотуризмді мемлекеттік деңгейде дамытуымыз керек. Ал Алакөл сияқты жағажай туризміне сол көрші Ресей мен өзіміздің адамдар ғана келеді. Жоңғар алатауында Жасыл көл бар. Соны да қолға алу керек. Әртүрлі сарқырамаларды көрсететін бағдарламалар жасау керек. Ал Балқашқа, Алакөлге, Бурабайға келіп суға түсіңдер дегенге ыстық жақтан келетін туристерге ол қызық емес», – деп түсіндірген маман.
Санитариялық жағдайы нашар
Мамыр айынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов ведомстволарға «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп авиабилеттерге баға белгілеу мәселесін шешуді тапсырды. Премьер-министр Балқаш пен Алакөлге алып баратын жолдарда туристік нысандар дамымағанын айтқан.
«Мысалы, Шығыс Қазақстанды немесе Балқаш пен Алакөлді алып қарайтын болсақ, не сапалы жол жоқ, не аялдайтын арнайы тұрақтар мен кемпингтер қаралмаған. Туристер күйі кеткен демалыс орындары мен ондағы санитариялық талаптарға сай келмейтін қолайсыз жағдайларға мойынсұнуға мәжбүр», – деген Премьер-Министр шағын авиация мүмкіндігін пайдалану керек екенін айтқан.
Былтырғы маусым айында Алакөл, Балқаш және Зайсан курортты аймақтарына сұраныс 5 есеге жуық өскен. Атап айтқанда, Үшарал, Балқаш, Зайсан мен Үржарға сұраныс өскен. Оған Үржар және Үшарал әуежайларының ұшу-қону жолақтарын жөндеу аяқталып, жұмыстың бұрынғы режимде қайта басталғаны әсер еткен.
Сол кезеңде Алакөл курорттық аймағындағы ірі қонақүйлердің қызметтерінің бағасы да арзан емес екені де анықталған. Стандартты екі орынды бөлмені жалға алу 15–42 мың теңге, жартылай люкс 17–64 мың теңге, люкс 82 мың теңгеге дейін барады. Баға брондау уақытына да байланысты: маусымның басында жалға алу арзан, маусым қызатын шілде-тамыз айларында қымбат.
Ресейден демалуға келетіндердің қарасы қалың
Туризм және спорт министрлігі 2023 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанға ең көп турист Ресей федерациясы мен Қытай халық республикасынан келгенін хабарлады. Министрлік мәліметінше 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстанға 356 850 ресейлік саяхаттаған. Ал екінші орынды Қытай туристері иеленді. Шығыстағы көршімізден елімізге 75 131 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Түркия туристері тұрақтады. Анадолы елінен 41 134 турист келген. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарына Үндістан (34 757) және АҚШ (28 160) саяхатшылары енді.