Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарышты дамыту министрі Жаслан Мәдиев брифингте жасанды интелект аясында QazLLM жобасы жасақталып жатқанын хабарлады.
Қазіргі уақытта QazLLM-ді дамыту мақсатында күш салудамыз. Бұл – ауқымды тіл моделі. Бұл үшін қазақтың сөздік қорын жинақтап жатырмыз. Төл қазақ сөздері қолданылады. Қазақша мәтін түрлі құралдар арқылы басқа тілдерге сапалы аударма жасалынады. Нәтижесінде машина оқитындай деңгейге жетуі керек, – деді министр.
Ведомство басшысы QazLLM үздіксіз жетілдірілетінін айтты. Отандық өнімді жұмыс тобы жыл аяғына дейін тұтынушыларға ұсынады.
Бұл модель кезең-кезеңімен жетілдіріліп отырады. Назарбаев университеті және Ұлттық технологиялар орталығымен бірлесе отырып, осы жобаны сарапшылармен бірге талқылаудамыз. Жұмыс тобы желтоқсан айында QazLLM құралы толыққанды дайын болады деп есептеп отыр. Еліміз үшін қазақ тіліндегі ChatGPT болуы өте маңызды. Сондықтан сапалы, әбден жаттыққан модельді қолданысқа енгізген жөн. Оны Яндекс, Google платформаларында пайдаланады. Сондай-ақ стартаптар, компаниялар, платформалар QazLLM-ді жүйеге енгізіп, қызмет бабында қолдана алады, – деді Жаслан Мәдиев.
«Курсив» бұған дейін ChatGPT қызметі туралы бірнеше материалды оқырман назарына ұсынды. Қазақстандықтар да оны қолдануды белсене меңгере бастады.
ChatGPT деген — тапсырмаңызға байланысты жұмыс әзірлеп беретін чат-бот. Оның қолынан көп нәрсе келеді. Мысалы, сізбен диалог жүргізіп, кодта кеткен қателерді тауып, белгілі бір тақырыпқа эссе не өлең жазып шыға алады. Мұны OpenA компаниясының GPT-3,5 тілі моделінің негізінде Azure AI суперкомьютерінде әзірлеген. Чат-бот адамның айтқанын түсінуі үшін оған интернеттегі миллиондаған мәтінді оқытып үйреткен. Reinforcement Learning from Human Feedback негізінде адаммен кері байланысқа түсуге баулыған. Мұның бәрі бір сәтте бола қоймайтыны белгілі. Нейрон желісін бірнеше рет қайта оқытып, жауабы барынша нақты, барынша дұрыс болуы үшін көп күш салған. Бағдарламалаушылар чат-ботты шама келгенше адамға ұқсатуға тырысқанын айтады.
Bloomberg сарапшыларының сөзіне сүйенсек, ChatGPT-дің өзге нейрон желілерінен айырмашылығы сол — ол түрлі салаға байланысты тапсырмаларды орындай алатынында. Одан бөлек, чат-бот базалық бағдарламалау кодын жазып шыға алады, қаржылық анализ жасай алады, техникалық мақалалар мен ғылыми концепцияларға резюме жасай алады, түрлі тақырыпта кеңес беріп, болжам жасауды үйренген.