Жаңалықтар

Түлектерге нұсқаулық: 2024-2025 оқу жылына құжат тапсыру басталды

Түлектерге нұсқаулық / shutterstock.com

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 20 маусымнан басталады. Ғылым және жоғары білім министрлігі түлектерге ЖОО-ға түсуге құжат қабылдайтын күнтізбе жариялады. Абитуриенттер не нәрсені есте ұстауы керек? Kursiv Media тілшісі түлектерге нұсқаулық дайындады.

Құжат қабылдайтын уақыт

«Педагогикалық ғылымдар» мен «Денсаулық сақтауға» тапсыратындарға құжат қабылдау, арнайы емтихандар тапсыру 20 маусымнан басталады. Құжаттар 25 тамызға дейін қабылданады. Ал арнайы емтихандар 20 тамызға дейін өткізіледі. Шығармашылық емтиханға өтінім қабылдау уақыты да 20 маусымнан басталады. Осылайша 10 тамызға дейін жалғасады. Ал өткізілетін уақыты болса, 7 шілде мен 15 тамыз аралығында. Ал грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының абитуриенттері шығармашылық емтиханды ҰБТ-дан кейін тапсырады. Емтихандар дәстүрлі форматта, яғни офлайнда өтеді.    Конкурсқа қатысу үшін бір ЖОО мен бір мамандық таңдау қажет. Бес пән бойынша ҰБТ тапсырған (Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығының ұпайлары ескеріледі) түлектер шығармашылық дайындықты қажет ететін бір оқу бағдарламалары тобын таңдай алады. 

Шекті ұпайлар

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсу үшін – кемінде 65 ұпай, педагогика саласында – кемінде 75 ұпай, Денсаулық сақтау саласында – кемінде 70 ұпай, ауыл шаруашылығы және ветеринария саласында − кемінде 50 ұпай, «Құқық» саласындағы мамандықтар бойынша кемінде 75 ұпай жинау керек. Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстан тарихы мен ҰБТ-ның екі профильдік пәні немесе шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 ұпайдан алу керек. Ал «оқу сауаттылығы» мен «математикалық сауаттылық» пәндерінен үш балдан кем алмауға тиіс. Колледж бітірген не техникалық, кәсіби білім алған дипломы барлар да республикалық (жергілікті) бюджет есебінен оқуға құқылы. Ол үшін ҰБТ-дан 25 ұпайдан аз алмауы керек. Педагогика саласында — 35 ұпай, соның ішінде әр ҰБТ дисциплинасы бойынша әрқайсысында 5 балдан алу қажет.

Биыл Қазақстанда 11-сыныпты 186 мың түлек бітірген. Олардың барлығы дерлік ҰБТ тапсырып жатыр. Енді жаз басталғалы жоғары оқу орнына түсуге дайындалуда. Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректеріне сүйенсек, алдағы үш оқу жылына арналған білім беру бағдарламаларын даярлау бағыттары мен топтарына кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілген. Жалпы алғанда ведомство жыл сайын ел экономикасының салаларына қандай маман тапшы екеніне орташа болжам жасап отырады. Оны Еңбек министрлігі дайындайды. Сондағы болжамға сәйкес, гранттар да солай бөлінеді. Одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар бойынша негізгі көрсеткіштер де ескеріледі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да экономика салаларындағы тенденцияларды бақылап, ұсыныс жасайды. Осылайша 2024-2025 оқу жылына 78,2 мың грант бөлінген. Атап айтқанда:

  •  Халық көп қоныстанған, жаңадан құрылған, сосын батыс өңірлердегі жастарды жетекші жоғары оқу орындарында оқытуға арналған нысаналы білім беру грант саны — 5 мың;
  • «Серпін» бағдарламасы — 3,9 мың грант;
  • Колледж түлектеріне қысқартылған мерзіммен оқуға арналғаны — 4,2 мың грант.

Инженерлік, педагогикалық ғылымдар және ақпараттық-компьютерлік технологиялар саласындағы мамандықтарға басымдық беріледі. Неге олай екені белгілі: себебі тәрбиеші, мұғалім, инженерлер және компьютер мамандары тапшы. 2024/25 оқу жылы мына мамандықтарға гранттар бөлінеді:   

  • Педагогикалық ғылымдарға — 13 735 грант;
  • Өнер және гуманитарлық ғылымдарға — 1765 грант;
  • Әлеуметтік ғылымдар, журналистикаға — 1185 грант;
  • Бизнес, басқару және құқыққа — 1323 грант;
  • Жаратылыстану ғылымдарына — 8288 грант;
  • Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына — 10 903 грант;
  • Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары білім беру бағдарлама топтарына — 19 344 грант;
  • Ауыл шаруашылығына — 2673 грант;
  • Ветеринария — 1125 грант;
  • Қызметтер — 2300 грант;
  • Аризона (СКУ) – 1200 грант;
  • Восход – 45 грант;
  • Heriot-Watt (АРУ) – 300 грант.