Банк пен қаржы

Kaspi Bank 2023 жыл үшін тағы да дивиденд төлейді

Kaspi Bank второй раз выплатит дивиденды за прошлый год, вдвое меньше, чем в марте
Kaspi Bank 2023 жыл үшін екінші рет дивиденд төлейді. Фото: kursiv.media

Kaspi Bank 2023 жыл үшін тағы да дивиденд төлейді. «Kaspi Bank» АҚ акционерлерінің қарапайым және артықшылығы бар акциялар бойынша дивиденд төлеу туралы шешімі KASE сайтында жарияланған.

Банк 1 қарапайым және артықшылығы бар акцияға 1800 теңге көлеміндегі дивидендті 20 маусымнан төлей бастайды. Қазақстан қор биржасындағы дерекке сәйкес, банктің 18,3 миллион қарапайым және 372,5 мың артықшылығы бар акциясы айналымда жүр. Бәрін есепке алсақ, осы жолы жалпы сомасы 33 млрд теңге дивиденд төленуі мүмкін.

Бұл – Kaspi Bank-тің былтырғы таза пайдасын биылға екінші рет бөлуі. Наурызда қаржы ұйымы акционерлерге бір акция үшін 4 мың теңгеден жалпы сомасы 74 млрд теңге дивиденд төлеген. Осы жолғы төлем көлемі 55 пайыз аз.

Ал былтыр 2022 жыл үшін банк 4 рет дивиденд төлеген болатын. Желтоқсандағы дивиденд мөлшері бір қарапайым немесе артықшылығы бар акцияға 2,3 мың теңгені құрады. Наурызда қаржы ұйымы акционерлерге бір акцияға 4,9 мың теңге немесе 91,6 млрд теңге, маусымда – бір акцияға 5,1 мың теңге немесе 95,4 млрд теңге, қыркүйекте – 3 мың теңге немесе 56,15 млрд теңге аударған. Бір жыл ішінде төленген дивиденд сомасы айналымдағы акциялар санына қарай 286,15 млрд теңгені немесе 2022 жылғы пайданың 79,1%-ын құрайды.

Kaspi Bank-тің 88,34% акциясын иеленетін ең ірі акционері – Kaspi.kz холдингінің құрамына кіретін Kaspi Group. Ең соңғы бенефициарлары – Baring Vostok қоры (26,13%), Михаил Ломтадзе (23,42%) және Вячеслав Ким (22,27%). Kaspi.kz акциялары KASE-де орналастырылған. Жаһандық депозитарлық қолхаттары Лондон қор биржасында (LSE), АҚШ-тың NASDAQ биржасында саудаланады.