Астана қалалық соты «Атырау мұнай өңдеу зауытының» бұрынғы бас директоры Ғалымжан Жусанбаевты қызметіне қайтару туралы шешім қабылдады.
Қызметінен қуылған Жусанбаев АМӨЗ үстінен шағымданған болатын. Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Жусанбаевтың еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты жарамсыз деп тану, бас директор лауазымын қалпына келтіру, мәжбүрлі жұмыстан шығу уақыты үшін жалақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы талабын қараған. Нәтижесінде сот зауыттың бұрынғы басшысын қызметіне қайтару туралы шешім шығарған.
«Бұл жағдайда қызметкер сынақ мерзімінде жұмыстың теріс нәтижесі болмаса да ешқандай себепсіз жұмыстан босатылды», – делінген хабарлама.
Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Сот жауапкермен қызметкердің сынақ мерзіміндегі біліктілігіне сәйкес еместігі дәлелденбегендіктен, талапкердің құқықтары бұзылған деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Жыл басында АМӨЗ бас инженері Әділет Шошанбасов Мемлекет басшысының атына хат жолдаған болатын. Онда Шошанбасов АМӨЗ басшысының өздеріне қоқан-лоққы көрсетіп, өз қызметін асыра пайдаланғаны айтылған.
Бас инженер өз хатында бас директордың зауытта алаңдатарлық жағдай туғызып отырғанын жеткізген. Сонымен бірге болашақта зауыт басшылығы қаржы ұрлауы мүмкін деп санайды. Ол сондай-ақ зауыт басшысын апатты жағдайда адам өмірін сақтандыру шараларын жасамағанына айыптады.
Оған жауап ретінде Ғалымжан Жусанбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол үндеуінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығы оған зауыттағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуге тыйым салғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Жусанбаев қызметіне кіріскен бойда кәсіпорын жұмысына аудит жүргізіп, тексеру барысында көптеген олқылық тауып, жалпы сомасы 150 млрд теңге болатын заңсыздық барын анықтағанын жеткізді. Сондай-ақ кокс пен түйіршікті күкіртті сақтау және газ шығарылуы барысында қателіктер бар екенін әрі осының салдарынан экологиялық апат болып жатқанын айтқан. «ҚазМұнайГаз» Шошанбасов пен Жусанбаевты сол күні-ақ жұмыстан шығарды.
20 ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Жусанбаев прокуратура арқылы қызметіне қайта алуды талап етті.
Ал 28 ақпанда ҚМА мен өңірлік прокуратура Атырау мұнай өңдеу зауытына тексеру жүргізілетінін хабарлады. ҚМА мәліметінше компания басшылығы өз өкілеттіліктерін теріс пайдаланып, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген болуы мүмкін. Атырау мұнай зауытына жаңа басшы болып Абзал Досжанов тағайындалды.