Автокөлік нарығында Еуроодақ пен Қытайдың бір-біріне шүйлігуі күшейіп келеді. Дегенмен екі тарап өзара келісссөз жүргізуге шешім қабылдады. Мұны Германия құптап отыр. Брюссель мен Бейжің кедендік баж салығы бойынша «бастапқы келіссөздер үшін жол картасын» жасақтау үшін диалогқа дайын екенін ҚХР Сауда министрлігі хабарлады. Бұл жөнінде DW басылымы жазды.
Еурокомиссия шілде айынан бастап 5%-ға дейін қосымша баж салығын енгізуге шешім қабылдады. Қытай былтыр ЕО елдеріне 10 млрд еуроға электромобиль экспорттаған. Еуропа Бейжің сапасы төмен электромобиль дайындайды, сол арқылы нарықты жаулап алады деп қауіптенеді. Қытай салықтың қымбаттауына наразы. Себебі кейбір көліктер үшін алым мөлшері 48%-ға жетпек.
Көп ұзамай Қытай тарапы да Еруокомиссия талабына жауап беретінін хабарлап үлгерді. Қытайлық автоөндірушілер ел билігінен қозғалтқышының көлемі үлкен еуропалық көліктердің импортына 25%-дық баж салығын енгізуді сұрады.
Еуропа одағының қытай электркөлігіне қатысты тергеуі Еуропада қытай көліктерінің сатылымы төмендеуіне әсер еткен. Қытай Сауда палатасы мен ҚХР Экономикалық ақпарат қызметі сауалнама жүргізген. Автомобиль және өнеркәсіп компанияларының 82%-ға жуығы ЕО үкіметінің субсидияларды тексеруі олардың жақын болашақта Еуропаға инвестиция салуға деген сеніміне нұқсан келтіргенін айтты. Бұл ретте респонденттердің 73%-ы тергеудің салдарынан Еуропа нарығында қытайлық автокөлік брендтерінің сатылымы төмендегенін жеткізген.
Еуропа одағы Қытай билігі автоөндірушілерге мемлекеттік субсидиялар беріп, нарық ісіне тікелей араласып отыр деп айыптайды. AlixPartners консалтинг фирмасының дерегі бойынша, 2016-2022 жылдар аралығында мемлекет электрлі және гибридті қозғалтқыштағы автомобильдер өндірісі мен сұранысын қолдауға 57 млрд доллар бөлді.
Ал Қытай компаниялары Еуропада зауыттар ашқысы келеді. Еуроодақ бәсеке қарқыны сапасыз көліктердің көбеюіне әсер етеді деген уәжді алға тартады. Бейжің расымен де автокөлікті тез дайындаудан ешбір елге дес берер емес. Мәселен, автокөлік алыбы Geely компаниясының электромобиль кәсіпорны Zeekr небәрі 24 ай ішінде көліктерді нөлден бастап жасай алады.