Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының аумағына кіретін Дағыстан Республикасындағы шіркеу мен синагогаға лаңкестік шабуылдан адамдар қайтыс болуына байланысты Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалып, соның салдарынан дін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қаза болуына байланысты Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтты», – делінген Ақорда хабарламасында.
Сонымен қатар Тоқаев Қазақстан жедел-іздестіру шараларын жүргізуде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы адамзатқа қарсы жасалған мұндай әрекетті үзілді-кесілді айыптайды, сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар аясында лаңкестікпен күресу үшін көпжақты ынтымақтастықты дамытуды қолдайды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, 23 маусымда Дағыстанның Дербент және Махачкала қалаларында бірнеше лаңкестік қарулы шабуыл болды. Белгісіз адамдар екі қаладағы православие шіркеулері мен синагогаларға, сондай-ақ жол бекет қызметіне оқ жаудырды.
ТАСС агенттігінің ақпаратына сүйенсек, оқиға барысында 6 лаңкес, 15 полиция қызметкері, бірнеше қарапайым азамат, оның ішінде дін қызметкері қаза тапқан.
22 наурыз күні Ресей астанасы Мәскеудегі «Крокус Сити» сарайында «Пикник» тобының концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырды. Шабуыл салдарынан 144 адам көз жұмып, 328 адам жараланды. Сол күні 11 адам ұсталды.
Теракт бойынша 20 адамға қылмыстық іс қозғалды. Төрт күдіктінің қамауға алу мерзімі ұзартылды. «Крокус Сити» ісі бойынша құқық қорғау органдары жәбірленуші деп танылған 1700 адамнан жауап алды.
Шетелдік басылымдар ИГИЛ «Крокус Сити» ісі бойынша террорлық актіні мойнына алғанын жазды. Бірақ Ресей тарапы әуел бастан Украинаны айыптады. Көп ұзамай Зеленскийдің кеңесшісі мұны жоққа шығарды.