Жаңалықтар

Астана-Алматы күре жолының құрылыс сапасын бақылау кореялық компанияға тапсырылды

Астана-Алматы күре жолы төрт жолақты болады / Архив: kursiv.media

Орталық-Оңтүстік дәлізіне жататын республикалық маңызы бар Астана-Алматы күре жолының құрылысы жуырда аяқталмақ. Құрылыс жұмыстары аясында Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Бұрылбайтал, Бұрылбайтал-Күрті және Шамалған станциясының айналма жолы жобалары жалғасуда. Бұл жолдың жалпы ұзындығы – 946 шақырым.

Көлік министірлігінің хабарлауынша, жол учаскелерінің құрылыс сапасын шетелдік компаниялар бақылайды.

Мәселен, Астана мен Алматы арасындағы жолдың құрылыс сапасын кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары бақылауға алды. Ұйымға инженерлік техникалық қадағалауды жүргізіп, үнемі құрылыс сапасын қадағалап отыру тапсырылған.

Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті, атап өткендей, учаскелердің бір бөлігі жаздың ортасынан бастап қолданысқа беріледі. Ал қалған бөлігі 2024 жылдың соңына дейін тапсырылады.

Мәселен, жалпы ұзындығы 363 шақырымды құрайтын Қарағанды-Балқаш күре жолының бойында айналма жолдар құрылысы аяқталды. Жоба аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтуі үшін арналған 32 жол өткелі, жол айрығы және темір жол арқылы өтетін өткелдің құрылысы аяқталды. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жолшылар асфальт төсеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы тосқауыл қоршаулар орнатуда. Нысанды 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру көзделіп отыр.

Былтыр мамандар Балқаш-Бұрылбайтал күре жолының жалпы ұзындығы 127 шақырымды құрайтын 3 учаскесін тапсырды. Биыл қалған 3 учаске қолданысқа беріледі.

Жалпы ұзындығы 81 шақырымды құрайтын Күрті-Бұрылбайтал жолы биыл жазда тапсырылады. Қазір мамандар жол бойында абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар биыл жазда Шамалған бекетінің айналма жолы да қолданысқа берілмек.

«Аталған жол ускелері техникалық талапқа сәйкес төрт жолақты болады», – деп хабарлады министрлік.

Еске сала кетсек, Үкімет елдегі 5 мың шақырым автожолды жаңғыртуға Қазақстанның даму банкінен 1 млрд долларға жуық несие алады. Қаржы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тиісті келісім шеңберінде бөлінеді. Бұл шараларды 2024-2027 жылдар аралығында іске асыру жоспарланып отыр.