Банктердің стрестік активтері цифрлық платформалар арқылы сатылады – ҚНРДА
Банктер, бірқатар банк операциясын жүзеге асыратын және микроқаржы ұйымдары стрестік активтерді цифрлық платформалар арқылы сата алады. Бұл платформаларды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлейді. Президент қол қойған тиісті заңға агенттік төрағасы түсініктеме берді.
«Құжат банк секторының стрестік активтерін одан әрі төмендетуге бағытталған және стрестік активтерді сатуға арналған нарықтық инфрақұрылымды құруды және оларды экономикалық айналымға тартуды көздейді. Заң жобасы бойынша жұмыс 2023 жылы басталды. Стрестік активтердің қайталама нарығының инфрақұрылымын жетілдіру үшін KPMG және Dentons халықаралық консультанттарының қатысуымен Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚД) техникалық көмегі тартылды», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова.
Халықаралық тәжірибені талдау, Қазақстандағы платформаларды егжей-тегжейлі зерттеу бірнеше цифрлық платформаның жұмыс істеуіне ыңғайлы гибридтік тәсілді қолдану тиімді болатынын көрсетті.
Қаржы нарығын реттеу агенттігіне әлеуетті операторларға цифрлық платформалардың операторы қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру өкілеттігі берілді. Қаржы ұйымдары стрестік активтерді агенттік рұқсат берген цифрлық платформалар арқылы сатуға тиіс. ҚР Парламенті заңнамадағы түзетулерді мамырда мақұлдады.
Бұл түзетулерді іске асыру үшін нормативтік деңгейде цифрлық платформалардың жұмыс істеуіне рұқсат беру тәртібі, ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары, стрестік активтерді сататын цифрлық платформаларда сауда-саттықты өткізу қағидалары белгіленеді.
Агенттіктің хабарлауынша, платформалардың алғашқы нұсқалары дайын және тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Әлеуетті операторлар цифрлық платформалардың қызметін заң жобасын сай реттеуде.
Жалпы алғанда, стрестік активтерді төмендету бойынша жоспарлы жұмыс 2017 жылдан бастап жүргізілуде. Осы уақыт ішінде мұндай активтер көлемі 7,7 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін қысқарды. 2020 жылдан бастап 13 ірі банк жұмыс істемейтін активтерді 2026 жылға қарай 1 трлн теңгеге дейін төмендету бойынша жоспарды іске асыруда. Сол арқылы экономикаға 621 млрд теңге сомасында активтер түседі.
2022 жылы стрестік активтер нарығын дамыту үшін бейрезиденттерді қоса алғанда жеке инвесторларға осындай активтерді сатып алуға мүмкіндік беретін заң қабылданды. Заң бойынша өндіріп алынған мүліктің банктердің меншігінде болуының шекті мерзімі – үш жыл болып белгіленді.
Президент 2022 жылы агенттікке цифрлық платформа мен инфрақұрылым құруды тапсырған. Сол кезде Қазақстандағы стрестік активтер мөлшері 2,5 трлн теңге деңгейінде болды. 2020 жылы агенттік банктердің стресті активтерді қысқартуға ынталандыру мақсатында кейбір банктермен стресті активтерді кезең-кезеңімен қысқарту жөнінде жеке жоспарын жасаған.
Стрестік активтер – негізінен екінші деңгейлі банктер балансындағы, проблемалық несиелер қорындағы және стрестік активтерді басқару ұйымдарындағы жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, өндірістік объектілер мен жабдықтар түріндегі проблемалық несие мен өндіріп алынған мүліктер.