Жаңалықтар

Apple Meta чат-ботын iPhone-ға интеграциялау туралы ойынан бас тартты – Bloomberg

Apple Meta чат-ботын iPhone-ға интеграциялау идеясынан бас тартты / Фото: Shutterstock

Meta Platforms компаниясының Llama чат-ботын iPhone-ға интеграциялау туралы ұсынысынан Apple бас тартты деп жазады Bloomberg. Компания о баста осындай мүмкіндікті қарастырғанымен, Meta-ның құпиялық саясатына көңілі толмай, бұл ойынан бірнеше ай бұрын бас тартқан.

Толығырақ

Apple мен Meta енді Meta Llama чат-ботын Apple Intelligence жасанды интеллект (ЖИ) сервистерінде қолдану мүмкіндігін талқылап жатқан жоқ. Бұл туралы Bloomberg-тің Apple-ге қатысты дәл болжам жасайтынымен танымал техникалық репортері Марк Гурманның дереккөздері хабарлайды. Олардың айтуынша, екі компания бұл мәселені наурыз айында қысқаша талқылап қана қойған. Серіктестік туралы ресми келіссөз болмаған. Қазір Apple-дің Llama-ны интеграциялауға қатысты ешқандай жоспары жоқ.

Apple өз құрылғыларында ChatGPT мен Google Gemini чат-боттарын пайдалану жөнінде мәміле шарттарын талқылай бастаған шақта екі тарап алдын ала келіссөздер жүргізген. Маусым айында Apple ChatGPT-ді iPhone-ға интеграциялау туралы келісім жасасқанын жариялап, болашақта Gemini-ді де интеграциялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Google қазірдің өзінде әлденені интернеттен Safari браузері арқылы іздеу бойынша Apple-дің серіктесі.

Meta-ның құпиялық саясаты барынша қатаң емес деген тоқтамға келген Apple ресми келіссөздер жүргізбейміз деген ұйғарым жасады деп мәлімдеді Bloomberg дереккөздері. Жылдар бойы Meta технологиясын сынап келген Apple Llama-ны iPhone-ға интеграциялауға келіссе, айтқан сөзінен тайғандай болар еді.

Apple мен Meta арасындағы келіспеушілік

Осы аптада Apple мен Meta арасындағы келіссөздер туралы хабарлаған The Wall Street Journal басылымы бұрыннан араз компаниялардың бірін-бірі ықтимал серіктес деп қарастыруының өзін айтарлықтай маңызды жайт деп атаған. Он жыл бұрын, iPhone өндірушісі Facebook-ті iOS-қа интеграциялаған кезде, Meta мен Apple серіктес еді. Алайда, Bloomberg-тің айтуынша, кейінгі жылдары бұл компаниялар ЖИ, ақылды тұрмыстық құрылғылар және VR гарнитуралары нарығында нағыз бақталасқа айналған.

Apple мен Meta арасындағы қарым-қатынастың шиеленіскеніне біраз болды. Еске салсақ, 2021 жылы Apple өзінің мобильді құрылғыларына арналған құпиялық ережелерін өзгерткен еді. Meta сол өзгерістер салдарынан 2022 жылдың өзінде 10 миллиард доллар пайдадан қағылатынын мәлімдеген. Биылғы жылдың басында Meta Facebook пен Instagram-дағы жарнама берушілерді Apple-ге «посты ілгерілетуге» (екі алпауыт арасындағы көпке созылған қақтығысқа себеп болған жарнама түрі) 30% қызметтік алым төлемеу үшін оны айналып өту жолдарын пайдалануға үндейтін нұсқаулар жариялаған.

Акция жайы

Маусым айының басында, Apple Intelligence жүйесінің шыққаны жарияланғаннан кейін, Apple акциялары рекорд орнатып, құны алғаш рет 200 доллардан асты. Осылайша Apple нарықтық капитализация көлемі бойынша Microsoft-ты уақытша басып озып, әлемдегі ең қымбат компанияға айналды. Биылғы жылдың басынан бері Apple акциялары 12,1%-ға өсті. ЖИ-дің даму қарқынының арқасында Nasdaq-100 «көк фишкалар» индексі осы кезеңде 17,7%-ға өсті.

Дүйсенбі, 24 маусымда, Нью-Йорктегі саудада Apple акциялары негізгі сессияда 0,3%, постмаркет сессиясында 0,5%-ға қымбаттады. Ал Nasdaq-100, керісінше, 1,15%-ға төмендеді. Кеше Nasdaq Composite кең индексі сәуірден бергі ең нашар нәтиже көрсетті деп хабарлайды CNBC. Бұған себеп − инвесторлардың Nvidia акцияларының құлдырауы салдарынан жартылай өткізгіштер секторынан уақытша кетуі.

Сарапшылардың Apple акцияларына көзқарасы оң: FactSet мәліметіне сәйкес, компания акциялары 47 рейтинг жинаған, соның 30-ы сатып алуды ұсынған. Ал 14 сарапшы акцияларды ұстап отыруды, қалған үшеуі сатуды жөн санап отыр. Акциялардың орташа мақсатты бағасы − 208,8 доллар, бұл қазіргі бағадан 0,7 долларға артық.