«Бәйтерек» холдингі тағы бір аграрлық компанияны иелігінен шығарды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына жолданған ақпаратта жазылған.
Холдинг былтыр «Qarqyn Group» ЖШС-нің 49,0% акциясын иеленген еді. Енді аталмыш компания холдинг құрамына кірмейді. 24 маусымда «Бәйтерек» холдингі «Западное-NORD 2020» компаниясын иелігінен шығарғанын хабарлаған.
Qarqyn Group 2023 жылы тамыз айында ғана құрылған. Жалға алынған жылжымайтын мүлікті «субарендаға» өткізу және басқарумен айналысатын фирманың құрылтайшысы – «Қарқын» агрофирмасы мен Лейлә Буканова деп көрсетілген. Компания Қостанай облысында орналасқан. «Қарқын» агрофирмасы 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Құрылтайшысы – Сайран Буканов. Бұл фирма тұқым өсіру, дәнді және бұршақ дақылдарын өсірумен айналысады.
Оған дейін «Бәйтерек» холдингі Қазақстандағы дәулетті адамдардың біріне қатысы бар компанияның 49%-ына иелік еткен. Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Чермошнян ауылдық округінlе тіркелген «ТайыншаЖер Плюс» ЖШС-нің де негізгі қызметі «тұқым өсіруді қосқанда, дәнді және бұршақ дақылдарды өсіру» деп көрсетілген.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт. Холдинг 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды.
Қазіргі кезде холдинг 8 мекеменің 100 пайыз акциясына иелік етеді. Олар: Қазақстанның Даму банкі, «Qasaqstan» инвестициялық корпорациясы, «Отбасы банкі», «Қазақстан тұрғын үй компаниясы», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы, «Аграрлық несие корпорациясы» және Bereke Bank (2024 жылы банк қатарлық инвесторға сатылатын белгілі болды). Сонымен қатар «ТайыншаЖер Плюс» ЖШС, «Aвантюрин» ЖШС және Amanat jer 2020 серіктестігінің 49,0% акциясы бар.